Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының ядролық медицина және онкология орталығы
Бүгін Ядролық медицина және онкология Орталығында өңірдің алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емхана басшыларының қатысуымен онкологиялық аурулардың асқынған жағдайларын талдау жөніндегі облыстық штабтың отырысы өтті.
Кездесуді Орталық директорының міндетін атқарушы, м.ғ. д., Саят Таңатаров ашты.
«Бүгінде еліміздің онкологиялық қызметі ең алдымен онкологиялық аурулардың алдын алуға және ерте анықтауға бағытталған, бұл үшін елде бірқатар скринингтік бағдарламалар еңгізілген. Дегенмен, біз күнделікті онкологиялық аурулардың асқынған жағдайларымен жиі кездесеміз. Бұл мәселені шешу бірінші кезекте бастапқы буын – емханалардың, оның ішінде аудандық, қарау кабинеттерінің жұмысын күшейту қажеттілігі болып табылады», – деп Саят Замамбекұлы проблемалық мәселелерді атап өтті.
Жыл басынан бері өңірде онкологиялық аурулардың асқынған түрлерінің тіркелген жағдайлары туралы толығырақ, емдеу жөніндегі Орталық директорының орынбасары Нұрбек Нұрғалиев баяндама жасады. Кездесу барысында атап өтілгендей, қатерлі ісіктің асқынған жағдайлары арасында көзге көрінетін локализациялар да аз емес. Яғни, науқас дәрігерге уақтылы жүгінгенде, скринингтік бағдарламалардан уақытында өтіп, тиісті тексеруден өткен кезде – бұл аурулардың көпшілігін ерте кезеңде анықтауға болатын еді.
«Қазіргі уақытта қатерлі ісіктің асқынған түрлерінің ең көп таралған локализациясы ауыз қуысының қатерлі ісігі, өкпе обыры, ұйқы безінің қатерлі ісігі, жатыр мойны обыры болып табылады», – деп атап өтті Нұрбек Бекмұхаметұлы. Сондай-ақ, баяндама барысында онкологиялық ауруларды анықтаудың ең жақсы және төмен көрсеткіштеріне ие болған өңірлік емханалары аталды. Өз сөзін қорытындылай келе, спикер МСАК жүйесіндегі әріптестерін скринингтік тексерулерден уақтылы өтудің және онкологиялық сақтанудың маңыздылығын түсіндіру бойынша қоғамдағы ақпараттық жұмысты күшейтуге шақырды.
Облыстық штаб отырысының екінші бөлімінде онкологиялық аурулардың нақты асқынған жағдайлары талқыланды.