Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының ядролық медицина және онкология орталығы
11 наурызда біздің орталықтың онкохирургтары оң жақ бүйрек үсті безі ісігі анықталған пациентке лапароскопиялық әдіспен адреналэктомия отасын жүзеге асырды. Мөлшері 5х6 см болған ісік гормоналды белсенді болмаса да, емдеу хаттамаларына сәйкес, пациентке оң жақ бүйрек үсті безін алып тастау ұсынылған болатын.
Аталған хирургиялық емдеу әдісі шағын технологияларды қолдана отырып жүргізілді, бұл зақымдалған ағзаны мейлінше аз жарақаттап, алып тастауға мүмкіндік берді, әрине бұл өз кезегінде пациенттің отадан кейін жедел қалпына келуін едәуір жылдамдатты. Отаны онкохирургтар А.А.Қабыкенов пен А.М.Абешов жасады. Гистологиялық зерттеу оң жақ бүйрек үсті безінің қатерлі ісігін көрсетті.
Айта кету керек, осындай көлемдегі хирургиялық ота, әдетте күрделі болып саналады, өйткені бүйрек үсті безі тұсынан көптеген маңызды қан-тамырлар өтеді. Сонымен қатар, бүйрек үсті безі капсуласының зақымдану қаупі болды, бұл өз кезегінде қатерлі ісік жасушаларының іш қуысына таралуына әкелуі мүмкін еді. Алайда, онкохирургтар жүргізген ота ойдағыдай сәтті өтті, пациент ауруханадан асқынуларсыз шығарылып, қазіргі уақытта амбулаториялы түрде оңалту кезеңін өтуде.