Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының ядролық медицина және онкология орталығы
Осы күндері Қазақстан Республикасының Сенатында Ядролық медицина және онкология орталығының директоры Татьяна Белихина мен Абай облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Айнұр Арғынбековамен кездесулер өтуде. Күн тәртібінде – ядролық медицина саласындағы бірқатар өзекті мәселелерді, оның ішінде ведомствоаралық өзара іс-қимылға қатысты мәселелерді талқылау.
Соңғы жылдары ядролық медицина өзін онкологиялық аурулармен күресудің ең тиімді әдістерінің бірі ретінде көрсетті. Мысалы, компьютерлік томографиямен біріктірілген позитронды-эмиссиялық томография арнайы радиофармацевтикалық препараттарды қолданудың арқасында қатерлі ісік ауруын алғашқы сатысында егжей-тегжейлі және нақты диагностикалауға мүмкіндік береді, олардың нәтижелері дәстүрлі сәулелік диагностика әдістерімен салыстырғанда бірнеше есе асып түседі. Радиофармацевтикалық препараттарды қолданудың арқасында бір фотонды эмиссиялық компьютерлік томография аппараттарында жүргізілген зерттеулер де осындай жоғары нәтижелерді көрсетіп келеді. 2021 жылы Абай облысында ядролық медицина Орталығын құрудың арқасында диагностиканың барлық инновациялық әдістері, олардың мүмкіндіктері мен артықшылықтары біздің өңір үшін де қолжетімді болды.
2021 жылы Қазақстанда алғашқы, әзірге елдегі жалғыз Радионуклидтік терапия бөлімшесі де құрылды, онда ядролық медицина мүмкіндіктері онкологиялық ауруларды емдеуде де тиімді қолданылып келеді. Бұрын осы өте қажетті емді шетелде алуға мәжбүр болған мыңдаған отандастарымыз қазір өз елімізде емделуде, ал барлық кететін шығындарды мемлекет толығымен өзіне алды.
Әрине, ядролық медицина орталығын құру – біздің өңір үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды кезең болды, бұл медицинаның осындай прогрессивті бағытын қолдану үшін бірегей база құруға, отандық денсаулық сақтау жүйесінің, әсіресе онкологиялық қызметтің әлеуетін одан әрі дамыту үшін негіздерді қалауға және кеңейтуге мүмкіндік берді. Алайда, бұл Орталықты құру жолы ұзақ және ауыр болды. Мұндай ауқымды жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде көптеген қиындықтарды жеңуге тура келді. Мысалы, онкологиялық ауруларды диагностикалауда қолданылатын фтородезоксиглюкоза радиофармпрепаратының өндірісін жолға қою үшін 8 жылға жуық уақыт қажет болды. Препаратты тіркеу процедурасы осынша ұзаққа созылды. Осы мәселелердің көпшілігі бүгін де ашық күйінде қалып, ядролық медицина саласында жұмыс істеуді айтарлықтай қиындатып қана қоймай, оның одан әрі дамуына кедергі келтіріп отыр. Мысалы, өзінің базасында радиофармацевтикалық препараттарды өндіруге арналған бірегей және заманауи жабдықтары бар Орталық фармацевтикалық препараттардың тек екі атауын шығарады, алайда елдегі басқа түрлеріне сұраныс бар және ол өте жоғары екені сөзсіз. Сұраныс тек саны бойынша ғана емес, сонымен қатар медициналық технологиялардың ассортименті, спектрі бойынша да қанағаттандырылмайды, бұл саланың қарқынды дамуы үшін шектеу болып келеді.
Осыдан бұрын Абай облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Айнұр Арғынбекова өңірге жұмыс сапарында, сондай ақ Ядролық медицина және онкология орталығымен танысу барысында осы мәселелердің барлығын егжей-тегжейлі қарастырып, толық зерттеген еді. Ал бүгінгі таңда Айнұр Серікпайқызын жоғары деңгейде проблемалық мәселелерді бірнеше рет көтеріп және оларды шешу жолдарын ұсынып келетін ядролық медицина саласының елшісі деп атаса да артық емес. Осы жолы да ядролық медицина саласының жанашыры бір топ мәселелерді қарастырып өтті. Бұл күндері ядролық медицина орталықтарының, радиофармпрепараттар өндірісінің жұмысындағы келісу кезеңдерін қысқарту және дебюрократизациялау үшін салааралық үйлестіру мәселелерін талқылау жоспарлануда. Сондай-ақ, ядролық медицина қызметін, оның ішінде «Атом энергиясын пайдалану туралы», «Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы», «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңдарды қозғайтын заңнамалық базаны жетілдіру мәселелері талқыланбақ. Сондай-ақ, Қазақстанда Радионуклидтік терапия ретінде ядролық медицинаның бірегей және әзірге жалғыз бағытын дамыту мүмкіндіктері талқыланатын болады. Осы мәселелердің барлығын жедел шешу бізге заңнамалық салада айтылған мәселелерді жүйелі түрде шешуге және медицинаның осындай перспективті бағытын дамытуға мүмкіндік береді.
Tags: