Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының ядролық медицина және онкология орталығы
272150139_1106898280076554_696894756152457467_n

75 жылдық тарихы бар Ядролық медицина және онкология орталығы,   1947 жылдың қазан айында Семейде құрылған шағын ғана онкологиялық пункттен бастау алады. Ол кезде штатта 1 дәрігер, 1 қабылдаушы мейіргер және 1 патронаж мейіргер ғана жұмыс істеді. Соғыстан кейінгі жылдарда қоғамның басқа салаларындағы сияқты онкологиялық қызметтің де қалыптасу кезеңі қиын болды. Эрика Рудольфовна Бельская сияқты алғашқы басшылардың жоғары ұйымдастырушылық және адами қасиеттерінің арқасында онкологиялық қызмет біртіндеп нығайып, кеңейе түсті.

Эрика Рудольфовна Бельская

Семей облысындағы онкологиялық көмек көрсетудің негізін қалаушы да – Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері, денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары біліктілік санатындағы дәрігер Эрика Рудольфовна Бельская болды. Ол кісінің басшылығымен облыстық онкологиялық диспансер қалалар мен ауылдардағы онкологиялық науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсететін ірі медициналық мекемеге айналды. Онкологияға шалдыққан науқастарды диспансеризациялау, онкологтардың облыс аудандарына жүйелі түрде барып отыруы, сондай-ақ қаланың емдеу мекемелерімен байланыс жолға қойылды. Тұрғындар үшін алдын ала медициналық тексерулер және аула бойынша  алдын ала медициналық тексеру жүргізу енгізілді. Облыс аудандарында  онкологиялық пункттер пайда бола бастады, ректоскопия, цистоскопия, биопсия сияқты бірқатар зертханалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік туды және ол үшін науқастарды Алматыға жіберудің қажеті болмады.

1952 жылы бүкіл Семей облысы бойынша науқастарға қызмет көрсететін онкологиялық диспансер ұйымдастыру жөніндегі жұмыстар басталды. Ол үшін облыстық денсаулық сақтау бөлімінің тегін қорынан 20 төсектік орын бөлінді. Онкологиялық диспансердің бас дәрігері болып Иван Кузьмич Седов тағайындалды. Өңірдің онкологиялық қызметінің дамуымен қатерлі ісік ауруларын анықтау мен емдеудің жаңа бағыттары мен озық әдістері енгізіледі: өзінің патологиялық зертханасы ашылып, кобальттерапия енгізілді.

Иван Кузьмич Седов

Өткен ғасырдың 60-жылдары онкологиялық қызметтің дамуының маңызды кезеңі болды. Дәл осы кезеңде онкологиялық диспансер өзінің материалдық-техникалық базасын айтарлықтай нығайта алды. Стационар  қайта жаңғыртылып, емхана салынғаннан кейін төсектік орын қоры ғана кеңіп қойған жоқ, сонымен қатар сол кез үшін жаңа үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған заманауи операциялық бөлме, таңу бөлмесі, қажетті қосалқы диагностикалық кабинеттер де пайдалануға берілді. Цитологиялық және радиоизотоптық зертханалар ашылды.

1963 жылы Қазақстанда алғаш рет онкологиялық диспансер базасында  қатерлі ісікті емдеу үшін химиотерапия қолданылды. Сол кезде допанон, эндоксан, циклофосфанон және тио-теф сияқты 4 химиопрепарат қолданылған.

1970 жылдардың өзіне қарай онкологиялық диспансерде сол кездегі барлық заманауи емдеу әдістері қолданылды, бірақ сәулелі терапия басым болды. Химио және гормонды терапия алатын науқастардың саны арта бастады. Сонымен қатар, 1970 жылы онкологиялық диспансер Қазақстандағы онкологиялық аурулардың алдын алу және науқастарға онкологиялық көмек көрсету бойынша озық тәжірибе мектебіне айналды. «Ашық есік күні», онкологтардың аудандарға кешенді сапарлары тәжірибеге енгізіледі.

Альберт Александрович Колкер

Онкологиялық қызметтің даму бағытын 1973 жылы диспансерді басқарған, денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санатты дәрігер – Альберт Александрович Колкер жалғастырды. Оның белсенді қатысуымен 3 қабатты типтік ғимарат, сонымен қатар радиологиялық корпусқа 2 қабатты жапсарлас құрылыс салынды. Жаңа ғимаратта диспансерлік, хирургиялық және гинекологиялық бөлімшелер, сондай-ақ құрамында рентген бөлімшесі, клиникалық, орталықтандырылған цитологиялық зертханалары бар диагностикалық қызметтер және әдістемелік-ұйымдастыру кабинеті орналастырылды.

А.А.Колкер онкологиялық науқастарды хирургиялық жолмен және сәулемен емдеуді дамытуға да үлкен үлес қосты. Ол өзінің бай кәсіби тәжірибесін жас, қазіргі кезде жұмыс жасап жүрген дәрігерлерге берді. Сол жылдары сүт бездерінің қатерлі ісігін ерте анықтау мақсатында облыстың 7 ауданында және Семей қаласында тарихта алғаш рет әйелдердің сүт бездеріне скринингтік тексерулер жүргізіле бастады. Жетпісінші жылдардың аяғында онкологиялық диспансерде қашықтықты гамматерапиялық аппаратта емдеу, қолданбалы және тінішілік кюритерапия, сұйық радиоактивті заттарды қолдану арқылы манипуляциялар жасау сияқты бірегей әдістер қолданыла бастады.

80-жылдары диспансер ғимараттарын жаңарту, үлкейту жұмыстары жалғасын тауып, түбегейлі жөндеу жұмыстары жүргізілді және радиологиялық корпусқа қосалқы құрылыс басталды. Осы жылдар ішінде радиологиялық құрылғылар айтарлықтай жаңартылды, бұл персоналдың радиациялық қауіпсіздік жағдайында сәулелі терапияны жүргізуге мүмкіндік берді.

Онжылдықтың айтулы оқиғаларына Семей медициналық институтында онкология кафедрасының ашылуын жатқызуға болады – бұл дәрігер-онкологтарды даярлауға ғана емес, сондай-ақ онкология ғылымының дамуына да маңызды үлес болды.

Сондай-ақ осы жылдары клиникалық диагностика зертханасында асқазан ісігіне шалдыққан науқастардағы жеке радиосезімталдықты анықтаудың авторлық әдістері енгізілді. Холестерин мен b -липопротеидтерді анықтау әдістері игеріліп, тәжірибеге енгізілді.

90-жылдары Семей облыстық онкологиялық диспансері Семей қаласының облысаралық онкологиялық диспансері болып өзгертілді. Сол жылдары онкологиялық диспансердің бас дәрігері Ғабдулманап Әбейұлы Әбеев болды. Оның тікелей қатысуымен 1995 жылы Семей-Хьюстон (Техас, АҚШ) серіктестігі басталды, соның арқасында диспансердің материалдық-техникалық базасы нығайтылды – автоклавтар, төсектер, хирургиялық құралдар, таңу материалдары, дәрі-дәрмек және тағы басқалар алынды. 3 жыл ішінде 6 маман АҚШ-та, 10 маман ТМД елдерінде оқып келді. Жансақтау бөлімінде модельді пост орнатылып, фармация бөлімі құрылды, зертханалық тексерулердің сапасы мен бақылауы жетілдірілді, оқу-әдістемелік кабинет ашылды. Онкологиялық ауруларды тіркеудің халықаралық бағдарламасы енгізілді. Сәулелік терапия кезінде лейкопенияның алдын алу мақсатында лазерлік терапия енгізілді.

     Осы жылдары заманауи компьютерлік техника да енгізілді. «Карат» ЭЕМ әзірлеме жасалды, енгізілген ақпаратты өңдеу және алынған нәтижелерді қосымша талдау жүйесі жетілдірілді.

Ғабдулманап Әбейұлы Әбеев
Сандыбаев Марат Нұрланбекұлы

1998 жылы онкологиялық диспансерді медицина ғылымдарының докторы, профессор, СММУ онкология кафедрасының доценті, жоғары біліктілік санаттағы дәрігер, ғалым, қоғам қайраткері, денсаулық сақтау ісін ұйымдастырудың шебері – Сандыбаев Марат Нұрланбекұлы басқарды.

         Оның жетекшілігімен өңір тұрғындарының денсаулығын сақтау, атап айтқанда, онкологиялық аурулармен күресті жетілдіру саласында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылды. Оның бастамасымен диспансерде маммологиялық орталық құру жобасы жүзеге асырылып, репродуктивті органдардағы қатерлі ісік ауруларынан зардап шегіп жүрген әйелдерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетілетін маммология және онкогинекология бөлімшесі ашылды. Жаңа емхана, химиотерапия бөлімдері жұмыс жасап, күндізгі стационар бөлімі, өңірлік СКДО құрылды. Онкологиялық көмекті аудандарға жақындату үшін бекітілген кестеге сәйкес аудандарды аралап, орнында шеберлік сабақтарын өткізіп, науқастарға кеңес беріп, әдістемелік-ұйымдастыру көмегін көрсетіп, демонстрациялық операциялар жүргізетін дәрігерлердің мобильді бригадасы құрылды.

2000 жылдардың басына қарай, барлық онжылдықтар сияқты, онкоорталықтың материалдық-техникалық жарақтандырылуын нығайту мен мүмкіндіктерін кеңейтудің жаңа белестері болды. Мысалы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі арқылы клиникалық диагностикалық зертханаға құрылғылар алынды: гемоцитометрлер «Sismex», «Medicon 4000», биохимиялық анализатор, газ талдағышы, электролит талдағышы, зәр талдағышы және т.б. көптеген құралдар пайдалануға берілді, бұл зертханада жүргізілетін зерттеулердің ауқымын ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Ортовольтты рентгенді терапияға арналған жаңа құрылғы сатып алынды. Сәуле алды дайындыққа арналған «Terasix» рентгендік симуляторы іске қосылды.

Диспансерлік бөлім пайдалануға берілді. 2004 жылдың маусым айында заманауи радиологиялық орталықтың құрылысын қаржыландыру басталды. 85 төсектік орынға арналған – 3527,3 м2 стационар, радиологиялық корпусқа жапсарлас  – желілі үдеткіштерге арналған екі каньон – 359,3 м2 салынды. «Жол картасы» аясында 3 қабатты типтік ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізілді.

          Диспансердің диагностикалық-емдеу процесі де кеңейіп, диагностика және емдеудің заманауи әдістерімен толықтырылды. Патогистологиялық зертханада сүт безі қатерлі ісігінде зерттеудің иммуногистохимиялық әдісі енгізді.

 

2000 жылдары Марат Сандыбаевтың басшылығымен диспансер халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге сенімді бағыт алды. Осылайша, МАГАТЭ жобасы аясында диспансер қызметкерлерінің ТМД елдерінде және алыс-жақын шетелде тағылымдамадан өтуі және оқуы қаржыландырылды.

«Молекулярлық патология кафедрасы, атомдық сынақтар нәтижесінде пайда болатын ауруларды зерттейтін ғылыми-зерттеу институты, Жапонияның Нагасаки университетіндегі биомедициналық ғылымдар аспирантурасы және Семей қаласының ООД коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны арасында халықаралық ғылыми алмасу туралы» Меморандумға қол қойылды.

Қол қойылған Меморандум аясында «JIKA» жобасы құрылып, ол осы аумақта бұрын жүргізілген сынақтар нәтижесінде иондаушы сәуле әсеріне ұшыраған Семей өңірінің әйел тұрғындарына скринингтік және цитологиялық зерттеулер жүргізуге арналды. Патоморфологиялық зертхана Жапония үкіметінің гуманитарлық көмегі арқылы алынған жаңа аппаратты толығымен игерді. Тәжірибе алмасу және біліктілікті арттыру мақсатында жапондық морфологтар онкологиялық диспансерде 4 айдан астам уақыт жұмыс істеді. «РФ Медицина ғылымдары академиясының Н.Н.Блохин атындағы Ресей онкологиялық ғылыми орталығы мемлекеттік мекемесінің Алтай филиалы, Ресей Федерациясының Алтай өңірлік онкологиялық орталығы және Ресей Федерациясының Алтай өлкелік онкологиялық орталығы және Қазақстан Республикасы Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының облыстық онкологиялық диспансері» арасындағы халықаралық ынтымақтастық, ғылыми және тәжірибе алмасу туралы» екіжақты меморандумға қол қойылды.

         Ең бастысы, шетелдік әріптестермен ынтымақтастықтың арқасында екінші мыңжылдықтың алғашқы он жылында өңірде заманауи ядролық Орталықтың негізі қаланды, бұл өңірдегі ғана емес бүкіл Қазақстандағы онкологиялық қызметтің құрылуы мен дамуы тарихының мүлде жаңа тарауын ашты.  Дәл осы жылдары 2009-2013 жылдар циклына МАГАТЭ ТС аясында қаржылық қолдау алған, «Шығыс Қазақстан онкологиялық орталығында ядролық медицина бөлімін құрудың» МАГАТЭ және ҚР ҚАЭ – KAZ/6/009 бірлескен екінші жобасына қол қойылып, жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында МАГАТЭ қалқанша безді зерттеуге арналған шағын гамма-камера мен қосымша құрылғылар сатып алды. Осы бағдарлама аясында ядролық медицина үшін мамандарды даярлау және сараптамалық сапарлар жалғасуда. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ғылыми Орталықтардың, алыс және жақын шетелдердің, оның ішінде АҚШ, Корея, Жапония, Еуропа елдері үкіметінің өкілдері бірнеше рет болды.

Марат Санбыбаевтың жетекшілігімен жаңа онжылдықта – 2010-2020 жылдары диспансер өз дәстүрін өзгертпей, ілгері дамудың сенімді жолын жалғастырды. Маңызды өзгерістер мен жетістіктердің ішінде жаңа КТ және МРТ құрылғылары мен жылжымалы маммографиялық станцияның енгізілуін атап өтуге болады. Дәл осы жылдары диспансердің барлық бөлімдері дерлік онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеуге арналған жаңа құрылғылармен жабдықталған.

Диагностика мен емдеудің мультидисциплинарлық тәсілі енгізілді. Tc99 (Technetium) препаратын қолдана отырып, Nucline TH-33 гамма камерасында  қалқанша безінің алғашқы зерттеулері басталды. Екінші кезеңнің құрылысы аяқталып, 85 төсектік орынға арналған стационар пайдалануға берілді. Құрылыстың үшінші кезеңі – ядролық медицина бөлімінің құрылысы жүріп жатыр. Ал диспансердің көптеген мамандары алыс-жақын шетелдердің жетекші ғылыми-клиникалық орталықтарында білімін жетілдірді.

Жаңа мыңжылдықтың 20-шы жылдарының басы Ядролық медицина орталығын құру бойынша ұзақ және қажырлы жұмыстардың сәтті аяқталуымен белгілі болды. Көптеген ғалымдардың, дәрігерлердің, саяси және қоғам қайраткерлерінің, ең бастысы, Ядролық медицина және онкология орталығының директоры Марат Сандыбаевтың еңбегінің басты жетістігі – Қазақстанда тұңғыш және әзірге жалғыз радионуклидті терапия бөлімінің, сондай-ақ циклотронның іске қосылуымен радионуклидті диагностика бөлімінің (2 PET CT және 2 SPECT) ашылу сәті еді. Айта кету керек, Орталықта фармпрепараттарды өндіру, қаптау және сапасын бақылаудан бастап, диагностикалық және емдеу жұмыстарын жүргізуге дейінгі ядролық медицинаның толық циклі игерілген.

        2022 жылы Марат Сандыбаев өзінің білімі мен тәжірибесін бұдан да маңызды мәселеге – жаңадан құрылған Абай облысының денсаулық сақтау басқармасын құруға және басқаруға бағыттау үшін, көп жылдық жемісті жұмысынан кейін Ядролық медицина және онкология орталығының директоры қызметінен кетті. Орталық директоры болып оның орнын медицина ғылымдарының кандидаты Белихина Татьяна Ивановна алмастырды.

2023 жылы Т.И. Белихинаның басшылығымен, емдеу процесіне диагностиканың жаңа технологиясы сәтті енгізілді: технециймен гамма-сүңгінінің көмегімен күзетші лимфа түйіндерінің сцинтиграфиясы. Орталықта сонымен қатар жаңа, қазірдің өзінде екінші радиофармпрепарат NaF өндірісі іске қосылды (біз еліміздегі 3-ші орталық болдық), бұл сүйек тінінің метастатикалық зақымдануын анықтау үшін, сүйек патологиясының дифференциалды диагностикасы үшін ПЭТ КТ 18-F-Na F жаңа зерттеуді енгізуге мүмкіндік берді. Абай облысында жұмсақ тіндердің, сүйектердің және лимфа жүйесінің қатерлі ісіктері бар науқастарға ұзақ берілетін химиотерапияға арналған жоғары дозалы химиотерапия әдісі енгізілді. Жағдайы ауыр онкологиялық пациенттердің үйлеріне барып қарау үшін жаңа мобильді топ (құрамында дәрігер, мейіргер, психолог) жасақталды, бұрын бұл қызметтерді Хоспис көрсеткен.Облыста алғаш рет асқазан мен өкпенің қатерлі ісіктеріне жарақаты аз оталардың 2 түрі енгізілді, бұл пациенттің стационарлық емделу уақытын азайтып, оңалту үдерістерін жеделдетті.

Ядролық медицина және онкология орталығының азды-көпті 75 жылға жуық дамуын қорытындылай келе, оның шағын ғана онкологиялық пункттен  онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің барлық заманауи әлемдік тәжірибелері қолданылатын, Қазақстандағы ірі Орталыққа дейінгі күрделі, бірақ даңқты жолды жүріп өткенін айта аламыз.