Бүгін Орталығымызда Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының өкілдері ресми сапармен келіп кетті. Кездесудің басты мақсаты ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ өңірдің онкологиялық қызметін одан әрі дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру болды.
Естеріңізге сала кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) дамып келе жатқан елдерге БҰҰ желісі бойынша көмектің көп бөлігін үйлестіретін БҰҰ-ның даму саласындағы жетекші ұйымы болып табылады. Қазіргі уақытта ол 170 елде, оның ішінде Қазақстанда да жұмысын атқарып келеді.
Орталығымыздың халықаралық ұйымдармен жұмыс істеу тәжірибесі аз емес. Кездесуді аша отырып, БҰҰ өкілдері Орталықтың жұмысымен, өңірдегі онкологиямен сырқаттанушылық көрсеткіштерімен, қатерлі ісіктерді диагностикалау мен емдеудегі мүмкіндіктермен таныстырды. Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықтың мол тәжірибесі жайында да айтылды.
«Біз БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдерімен жүздескенімізге қуаныштымыз. Орталығымыз Қазақстанда бірегей болып табылады, бізде ядролық медицина саласында кең мүмкіндіктеріміз бар. Мұнда Қазақстандағы әзірге жалғыз радиодиодтерапия бөлімшесі жұмыс істейді. Аймақтық деңгейде тек бізде ғана ПЭТ-зерттеулері жүргізіледі. Алайда, прогресс бір орында тұрмайды, сондықтан онкологиялық көмекті одан әрі дамыту үшін біз әрқашан ынтымақтастықты, бірлескен жобаларды қуана құптаймыз», – деп атап өтті Орталық директорының міндетін атқарушы Баян Бекетова.
БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму Бағдарламасының өкілдері де екіжақты ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.
«Осындай жылы қабылдағандарыңыз үшін рахмет. Орталықтың жұмысымен танысу – біз үшін үлкен қуаныш. Өз жайымда айтатын болсам, қатерлі дертпен күресудің қаншалықты қиын екенін жақсы білемін, сондықтан жоғары тиімділікке жету үшін бұл салада жаңа технологиялардың, диагностика мен емдеудің заманауи әдістері қаншалықты маңызды екенін де түсінемін. Ынтымақтастыққа келетін болсақ – БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламалары бірінші кезекте ел өңірлерінде жұмыс істеуге бағытталған. Төрт облыс, соның ішінде Абай облысы да басымдылыққа ие болып отыр», – деп атап өтті БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасының Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.
Сухроб Ходжиматов атап өткендей, бірлескен ынтымақтастық үшін бағыттар аз емес. Бұл адам ресурстарын дамытуға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, озық инновацияларды енгізуге, денсаулық сақтауды цифрландыруға және т.б. бағытталған жобалар.