Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының ядролық медицина және онкология орталығы
Диагностика мен емдеудің озық әдістерін енгізу, сондай– ақ қолданылып келе жатқан әдістерді жетілдіру-біздің орталықтың басым міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл көрсетілетін медициналық көмектің жоғары сапасын қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның және алыс-жақын шет елдердің жетекші ғылыми және медициналық орталықтарының әріптестерімен тәжірибе алмасып, серіктестік байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді. Осылайша, біздің орталықта Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының қолдауымен 29-30 сәуір күндері екі күн ішінде қатерлі ісіктерді емдеудің хирургиялық әдістерін жетілдіруге бағытталған шеберлік сабақтары өтуде. Оқытуды онколог, уролог, хирург, жоғары санатты дәрігер, ҚазОРҒЗИ онкоурология орталығының басшысы Хусан Өмірзақов жүргізеді.
Шеберлік сабағы аясында Хусан Өмірзақов біздің орталықтың хирургтарымен бірлесіп, ретроперитонеальді парааорталық лимфа түйіндері ұлғайған сол жақ бүйрек үсті безінің ісігін емдеу бойынша ота жасады. Операция жарақаты аз технологияларды қолдана отырып жүргізілді – адреналэктомия жасалды, яғни зақымданған сол жақ бүйрек үсті безін лапароскопиялық жолмен алып тастау, сонымен қатар хирургтар ретроперитонеальді кеңейтілген лимфодиссекция жасады – зақымдалған лимфа түйіндері де алынып тасталды. Жалпы алғанда, операция жарты сағат ішінде жүргізілді, ол ешқандай асқынусыз сәтті аяқталды. Айта кету керек, мұндай оталарды біздің орталықтың хирургтары бұрыннан жүргізіп келеді. Алайда осы шеберлік сабағының мақсаты – хирургиялық жолмен емдеу әдістерін бұдан әрі жетілдіру.
«Мұндай оталардың өзіндік бірқатар қиындықтары бар, әсіресе үлкен тамырлар бойымен лимфодиссекция жасаған кезде. Қан тамырларының зақымдануы, қан кету қаупі бар. Сондықтан шеберлік сабағымызда біз зардап шеккен органды алып тастауға емес, лимфодиссекция жүргізуге баса назар аударамыз», – деп атап өтті Хусан Өмірзақов.
Осы күні сондай-ақ, қуық қатерлі ісігін хирургиялық жолмен емдеу бойынша бірлескен ота жасалды, оның барысында хирургтар трансуретральды резекцияны сәтті орындады – жарақаты аз технологияны қолдана отырып, қуықтың зақымданған тұсы алынып тасталды. Біздің орталықтың хирургтары оталардың бұл түрін де бірінші жыл орындап жүрген жоқ, алайда жүргізіліп жатқан шеберлік сабақтары операциялық жолмен емдеудің тиімділігін арттыруға жол ашпақ. Бұл тақырыпта Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының сарапшысы дәріс те ұсынатын болады.
Шеберлік сабағының екінші күнін қуық асты безінің қатерлі ісігін хирургиялық емдеуге арнау жоспарлануда. Бұл күні онколог-дәрігер Хусан Өмірзақов осы тақырып бойынша біздің хирургтарға дәріс оқиды.
Бұл Хусан Өмірзақовтың біздің Орталыққа алғашқы сапары емес, сондықтан сарапшының орталықтың хирургиялық блок жұмысы мен мүмкіндіктеріне нақты баға беруге мүмкіндігі бар.
«Бірінші кезекте мен орталық хирургтарының жоғары жабдықталуы мен біліктілік деңгейін атап өткім келеді – мұнда тек жақсы құрылғылар ғана емес, сондай-ақ бірлігі мықты, ұйымшыл ұжым да бар. Мұның бәрі жүргізілетін оталардың жоғары сапасын қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар хирургиялық емдеудің жаңа әдістерін енгізуге үлкен әлеует тудырады. Сондықтан болашақта біздің ынтымақтастығымыз жалғасатыны сөзсіз. Мен онкоуролог ретінде бұдан былай кіші жамбастың қатерлі ісіктерін емдеу бойынша кеңейтілген оталар жүргізу тәжірибесімен бөліскім келеді», – деді Хусан Өмірзақов.
Айта кету керек, бұл күндері Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының жетекші онкологтары еліміздің барлық өңірлерінде шеберлік сабақтарын жүргізуде. Негізгі мақсат-қатерлі ісіктердің жарақаты аз және жоғары технологиялық әдістерін кеңінен енгізу. Қорытындылай келе, біздің орталықтың барлық ұжымы атынан Хусан Өмірзақовқа, сондай-ақ Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына тиімді ынтымақтастық пен тәжірибе алмасқаны үшін алғысымды білдіргім келеді.