Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының ядролық медицина және онкология орталығы

Соңғы жылда Абай облысындағы ядролық медицина мен онкология орталығында онкохирургия қарқынды дамып келеді. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында білімін жетілдіріп келген біздің онкохирургтардың арсеналына келесі хирургиялық әдістер қосылды: көз алмасының энуклеациясы мен экзентерациясы, пародитэктомия, сиаладенэктомия, тіл резекциясы, ерін ісігін кесіп алып тастап, өз тінімен пластика жасау және ларингоэктомия. Бас және мойын аймағындағы ісіктердің хирургиялық емі емдеу диагностиканың нәтижелері мен аурудың ағымының ерекшеліктеріне байланысты. Соған сәйкес аталған емдеу әдістері хирургтан жоғары біліктілікті талап етеді.
Бүгінгі таңда бас және мойын аймағындағы ісіктерді тиімді және дұрыс емдеуді заманауи технологиялар мен дәрі-дәрмектерді, диагностикалық әдістерді қолданусыз және осыған байланысты салалардың мамандары арасында тәжірибе алмасуынсыз жүргізу мүмкін емес. Айта кетсек, үстіміздегі жылдың ақпан айының 22-де облысымыздағы «Көз орталығының» офтальмохирургымен бірлесіп, көз алмасының энуклеациясы жасалынды. Ота сәтті өтіп, пациент үйіне шығарылды. Осы уақытқа дейін пациенттер озіміздің облысымыздан тыс емдеу мекемелерінде ем алып жүрді. Енді алыс жаққа бармай-ақ облысымыздағы ядролық медицина мен онкология орталығында дертіне қатысты емді алуына толық мүмкіндік жасалынған.