Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының ядролық медицина және онкология орталығы
8–9 шілде күндері Ядролық медицина және онкология Орталығының делегациясы Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты ФМБМ «Ұлттық радиология ғылыми-медициналық зерттеу орталығының» филиалы — А.Ф. Цыба атындағы Медициналық радиологиялық ғылыми орталығына (Обнинск қ., Ресей) жұмыс сапарымен барды. Сапардың мақсаты – Ресей Федерациясының жетекші радиологиялық медициналық мекемелерінің бірінің жұмыс тәжірибесімен танысып, әріптестік байланыстарды кеңейту болды. Делегация құрамында Орталықтың директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Саят Танатаров, ядролық медицина және стратегиялық жоспарлау жөніндегі директордың орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Баян Атантаева, сондай-ақ радиофармацевтикалық препараттарды өндіру және қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Асет Сарсекеев.
Ресми сапар аясында Медициналық радиологиялық ғылыми орталық басшылығымен кездесу өтті. Кездесу барысында Орталықтың негізгі қызмет бағыттары талқыланып, делегация орталықтың негізгі клиникалық және ғылыми бөлімшелерімен танысты. Ерекше қызығушылық тудырған нысандар: рентгенохирургиялық диагностика және емдеу әдістері бөлімі, Ядролық медицина институты, сәулелік және фотондық терапия бөлімі, Протондық терапия орталығы және Эксперименттік ядролық медицина зертханасы.
Сапардың екінші күні екі мекеме арасындағы кәсіби және ғылыми ынтымақтастық перспективалары кеңінен талқыланды. Тараптар радиофармацевтика, клиникалық ядролық медицина, білім беру бағдарламалары мен кадр даярлау салаларындағы ықтимал ынтымақтастық форматтарын қарастырды. Ядролық медицина саласындағы тәжірибе алмасу, онкологиялық көмекке озық технологияларды енгізуге бағытталған бірлескен жобаларды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сапар кәсіби диалог және ұзақмерзімді әріптестікті дамытуға өзара мүдделілік жағдайында өтті. Кездесу қорытындысы бойынша консультацияларды жалғастыру және ынтымақтастықтың нақты бағыттарын пысықтау туралы келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою, тағылымдамалар ұйымдастыру, ғылыми-тәжірибелік іс-шараларға қатысу және ядролық медицина мәселелері бойынша техникалық өзара іс-қимыл мүмкіндіктері қарастырылды.
Ядролық медицина және онкология орталығы А.Ф. Цыба атындағы МРҒО басшылығына және ұжымына, әсіресе, Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты ФМБМ «Ұлттық радиология ғылыми-медициналық зерттеу орталығының» Бас директоры Андрей Дмитриевич Капринге және А.Ф. Цыба атындағы МРҒО директоры Сергей Анатольевич Ивановқа ілтипаттылық көрсетіп, мазмұнды бағдарламасы және ынтымақтастыққа ашықтығы үшін алғыс білдіреді. Бұл сапар онкология және радиологиялық технологиялар саласындағы ведомствоаралық және халықаралық өзара әрекеттестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды.