Бүгін Орталық директоры, м.ғ. д., профессор Саят Таңатаров бастаған біздің мамандар тобы Курчатов қаласында жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы мамандарымен кездесті. Сапардың басты мақсаты екіжақты ынтымақтастықты, оның ішінде ғылым, ядролық медицина және радиациялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты жолға қою болды.
Атап өту керек, Ұлттық ядролық орталығы ядролық физика және атом энергетикасын дамыту, ядролық және радиациялық технологияларды әзірлеу, ядролық сынақтардың салдарын жою, ядролық қаруды таратпау режимін қолдау, бейінді мамандықтар бойынша кадрлар даярлау сияқты салаларда елімізде көшбасшы болып табылады. Осы бағыттар бойынша ҚР ҰЯО орындайтын жұмыстардың нәтижелері халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың жоғары бағасына ие болды. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы экология, ядролық қаруды таратпауды бақылау, тау-кен ісі, атом энергетикасының қауіпсіздігі, медицина және т.б. сияқты мәселелердің ауқымды кешені бойынша бірқатар ірі халықаралық жобалар орындалатын іс жүзінде Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығына айналды.
Осында біздің Орталық мамандары үшін Ұлттық ядролық орталықта ғылыми-техникалық жобалар қаншалықты ауқымды түрде жүзеге асырылып жатқаны туралы экскурсия ұйымдастырылып, экспозициялық залдарда айқын көрсетілді. Әсіресе, Семей ядролық полигонының тарихына арналған көрме залын ерекше атап өтуге болады. 40 жылдан астам сұмдық жойқын күштің қаруын сынауға қызмет еткен орын мен инфрақұрылым бүгінде бейбіт атом энергетикасын дамытып, қоғам игілігіне қызмет етуде.