Бүгін барлық өңірлердегі онкологиялық ұйымдар басшыларының қатысуымен 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы еліміздің онкологиялық қызметінің қорытындысы бойынша Республикалық үйлестіру кеңесі өтуде.
Отырыс барысында өңірлердің бас онкологтарының есептері ұсынылды, әр өңірдің проблемалық мәселелері талқыланды, сондай-ақ «Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды» іске асыру қорытындылары айтылды.
Отырыс барысында Ядролық медицина және онкология Орталығының директоры, м.ғ. д., профессор Саят Таңатаров облыстың онкологиялық қызметінің бірінші тоқсанындағы жұмыс қорытындылары туралы баяндама жасады. Орталық директоры өз сөзінде өңірде 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылықтың саны шамалы 0,8% – ға өсуі байқалғанын атап өтті. Онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімдің 7,3% – ға төмендегені де айтылды. Қазіргі уақытта қатерлі ісіктердің ең қауіпті локализацияларының қатарында – өкпе, асқазан және простата обыры.
Сондай-ақ, өз сөзінде ауру көрсеткіштерінен басқа, Орталық директоры өңірдің онкологиялық қызметі жұмысының басқа да аспектілерін атап өтті. Оның ішінде емдеу-диагностикалық жұмыстар, онкологияны ерте анықтау, қатерлі ісіктің асқынған жағдайларын азайту, ядролық медицинаны одан әрі дамыту, Орталықтың инфрақұрылын нығайту жайында айтылды.
Өңірімізде Қазақстанда іске асырылып келетін скринингтік бағдарламаларды қолдануға ерекше назар аударылды. Айта кету керек, Орталығымызда осы бағытта бірнеше жетістіктер бар. Атап өтетін болсақ, Орталық директорының бастамасы бойынша азаматтардың скринингтік тексерулерден өту барысы мен тиімділігін бақылауға мүмкіндік беретін арнайы ақпараттық жүйе әзірленіп, енгізілуде. Сонымен қатар, қазіргі уақытта ядролық медицина және онкология орталығының базасында сараптамалық эндоскопиялық орталықты іске қосуға дайындық жұмыстары аяқталуда. Оның іске қосылуымен Орталық ас қорыту органдарын эндоскопиялық диагностикалық зерттеулерде өзінің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтететін болады.