Бүгін біздің Орталығымызда ядролық медицина және фармацевтикада халықаралық стандарттары саласында оқыту семинарлары өтуде. Оқытуды ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының жетекші мамандары жүргізуде.
«Біздің Медициналық орталықтан Абай облысына аритмологтар, кардиохирургтер, терапевтер, ядролық медицина және тағы басқа саласындағы мамандардың үлкен тобы іс-сапармен келіп отыр, өңірдің бірқатар ауруханаларында кездесулер өткізіп келеміз. Біздің басты мақсатымыз – тәжірибе алмасу, біздің ауруханада қолданылатын диагностика мен емдеудің озық әдістемелерін өңірлерде кеңейтуге ықпал ету», – деп оқытудың негізгі мақсаттарын семинар спикерлерінің бірі, ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының ядролық медицина Орталығының радиоизотоптық диагностика бөлімшесінің меңгерушісі Тимур Сәрсенғали атап өтті.
Айта кету керек, ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының мамандарында Семейлік әріптестерімен бөлісетін тәжірибе аз емес сияқты. Қазіргі уақытта аурухана Қазақстанда диагностикалық тексерулер жүргізу барысында радиофармпрепараттардың 7 атауын пайдаланатын әзәрге бір ғана аурухана болып табылады. Сонымен қатар, ҚР ПІБ МО ауруханасының ядролық медицина орталығында радиоизотоптық зерттеулердің барлық түрлері, соның ішінде сцинтиграфия, ОФЭКТ/КТ және ПЭТ/КТ жүргізіледі.
«Мен сіздің ядролық медицина орталығының ішкі құрылымын көріп, мамандармен танысқаныма қуаныштымын. Сіздердің Орталықтарыңыз бүкіл ел үшін өте маңызды, себебі тек осы жерде радиоиодтытерапия қолданылады. Сонымен қатар, Орталықта қолданылатын радиофармпрепараттардың ауқымын кеңейту үшін үлкен әлеует бар. Бұл бағытта біз тығыз жұмыс істеуге, өзара ынтымақтастықты кеңейтуге, тәжірибе алмасуға дайынбыз», – деп атап өтті Тимур Сәрсенғали.
Өкінішке орай, оқыту семинарлары бір күн ғана өтеді. Алайда, екі клиниканың ынтымақтастығы болашақта тек кеңейе түсетін болады. Тимур Сәрсенғали атап өткендей, көп ұзамай ҚР ПІБ МО ауруханасының ядролық медицина орталығының базасында тікелей оқудан өту үшін біздің мамандардың Елордаға сапары жоспарланатын болады.