17-19 қыркүйек аралығында Швейцарияның Женева қаласында World Cancer Congress 2024 өтті. Бұл озық тәжірибемен, қатерлі ісікті диагностикалау және емдеу саласындағы ең соңғы жетістіктермен алмасуға, сондай-ақ медицинаның осы бағытын дамыту мәселелері мен перспективаларын талқылауға арналған ең ірі диалог алаңдарының бірі болып табылады. Биылғы жылы Конгресстің жұмысына әлемнің 120 елінен 1900-ден астам делегат қатысты. Біздің Орталықтан конгреске «First results of Radioiodine therapy in the Republic of Kazakhstan» атты постерлік баяндамасымен радионуклидтік терапия бөлімшесінің дәрігері Гүлжан Нәбиева қатысты. Ол өз баяндамасында Қазақстанның барлық өңірлерінен келген қалқанша без қатерлі ісігі және тиреотоксикозға шалдыққан науқастарға радиоиодотерапияны қолданудың алғашқы тәжірибесімен бөлісті. Айта кету керек, біздің Орталықтың радионуклидтік терапия бөлімшесі Қазақстанда осындай ем қолданылатын алғашқы және қазіргі уақытта жалғыз бөлімше болып табылады.
Конгреске қатысу АЭХА-нің қолдауымен ұйымдастырылды. Орталығымыздың Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігімен ынтымақтастығы жылдар бойы табысты дамып келеді, соның арқасында біздің медициналық және медициналық емес бейіндегі мамандарымыз ядролық медицина бойынша Еуропаның жетекші клиникаларында оқудан өтті. Алынған тәжірибе мен білім 2021 жылы Семейде ядролық медицина Орталығының ашылуында сәтті қолданылды.