Бүгін Ядролық медицина және онкология орталығының қызметкерлері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында белгіленген басымдықтар мен міндеттерді талқылады.
Алдағы жылдарға арналған еліміздің басты басымдықтары туралы сарапшы-дәрігер Мұхтарғазы Тулеутаев баяндама жасады. Өз сөзінде ол Қазақстанның соңғы жылдарда қол жеткізген жетістіктеріне назар аударып, Мемлекетіміздің одан әрі дамуы бойынша жаңа бағытты атап өтті. Атап айтқанда, ақша-несие және фискалдық саясат арасындағы үйлесімсіздікті жою, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту, еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану, сондай-ақ инфрақұрылымдық проблемаларды шешу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер айтылды. Баяндама барысында еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруға, ұлт саулығын нығайтуға, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғыртуға бағытталған Жолдауда белгіленген басымдықтарға ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ, кездесу барысында атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі бойынша елімізде өтетін жалпыұлттық референдум да талқыланды. Осы мәселе бойынша сөз сөйлеген Орталық директоры Татьяна Белихина жаһандық жобаның аса маңызды және елімізді алаңдататын аспектілерін атап өтті, «жасыл энергетиканы» пайдалана отырып, азаматтарды арзан электр қуатымен қамтамасыз ету, өнеркәсіпті және экономиканың басқа да салаларын дамыту, Қазақстан үшін ашылатын артықшылықтар мен мүмкіндіктерді де атап өтті. АЭС-ын салу мен қолдану, пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының әлемдік тәжірибесі де ұсынылды.
«Бұл біздің еліміз үшін, барлық азаматтар үшін өте маңызды мәселе, сондықтан біз бір ел болып алдағы референдумға қатысып, өз көзқарасымызды білдіруіміз керек», – деп атап өтті Татьяна Белихина. Айта кетейік, Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша референдум осы жылдың 6 қазанында өтетін болады.