Бүгін Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Ядролық медицина және онкология орталығында салтанатты іс-шара өтті. Мерекелі іс-шараны Орталық директорының міндетін атқарушы Саят Таңатаров құттықтау сөзімен ашты. Өз сөзінде ол әріптестерін алдағы кәсіби мерекелерімен құттықтап, медицина қызметкерлерінің қиын еңбегін атап өттп, Орталық ұжымына өз тілектерін білдірді.
«Медицина қызметкерлерінің жұмысы әрқашан оңай болған жоқ, өйткені олар адамдардың өмірі мен денсаулығына жауап береді. Онкологиялық қызметтегі жұмыс екі есе қиын және жауапты десе артық болмас. Сондықтан Орталықтың әкімшілігі атынан баршаңызға шын жүректен алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Баршаңызға зор денсаулық, табыс, амандық тілеймін», – деді Саят Замамбекұлы.
Салтанатты іс-шара барысында ішкі аудит қызметінің басшысы Мұхтарғазы Тулеутаев, сондай-ақ орталықтың бірқатар бөлімшелерінің меңгерушілері құттықтау сөз сөйледі.
Кәсіби шеберлігі, жұмыстағы жоғары жетістіктері, көпжылдық мінсіз еңбегі, сондай-ақ денсаулық сақтау саласынның дамуына қосқан үлесі үшін біздің Орталықтың бірқатар қызметкерлері мемлекеттік және басқа да марапаттарға ие болды. Морфологиялық және клиникалық диагностика бөлімшесінің меңгерушісі Гүлназ Рахымжанова «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін” төсбелгісімен марапатталды, бірқатар қызметкерлер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Семей қаласының әкімімен, орталық директорымен, сондай-ақ «Senim» кәсіподақ комитетінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ, бұл күні Орталықтың «Senim» кәсіподақ комитетінің қолдауымен жақында өңірде өткен медициналық ұйымдар арасындағы облыстық спартакиаданың жүлдегерлері мен жеңімпаздары марапатталды.