Бүгін Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Департаменті мамандарының, сондай – ақ БАҚ өкілдерінің қатысуымен адам папилломавирусы-АПВ-ға қарсы вакцинациялау мәселелеріне арналған брифинг өтті. Біздің Орталықтан брифинг жұмысына маммология және гинекология бөлімшесінің онкогинеколог дәрігері Әсем Чалдыбаева қатысты.
Кездесу барысында атап өтілгендей, адам папилломавирусы – әйелдерде аурулардың тұтас кешенін, соның ішінде қатерлі ісіктерге айналуы мүмкін ісік алды зақымдануларды тудыратын, ұрпақты болу жолдарының инфекцияларының ең көп тараған вирустық қоздырғышы.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, гинекологиялық онкологиялық аурулардың ішінде жатыр мойны обыры (ЖМО) әйелдердің басқа онкологиялық аурулары арасында Қазақстан Республикасында екінші орында тұр.
«Жыл сайын елімізде ЖМО 1800-ге жуық әйелдердің өмірін қиып келеді, яғни ҚР-да жатыр мойны обырынан күн сайын 2 адам қайтыс болады. Сонымен қатар дерт жылдан жылға жасарып келеді, егер бұрында ЖМО анықталған әйелдердің орта жасы шамамен 45 жасты құраса, бүгінгі күні орта жас 35-ті құрайды» -деп атап өтті Әсем Чалдыбаева.
Жатыр мойны қатерлі ісігі – алдын алуға болатын жалғыз қатерлі ісік екенін атап өткен жөн. Бірінші профилактика – бұл АПВ-на қарсы вакцинациясы болып табылады. Сондықтан Қазақстанда 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап 11 жастағы қыздар арасында адам папилломавирусына қарсы вакцинациялауды енгізу көзделіп отыр. Вакцинация ата-анасының келісімімен мектептерде сертификатталған вакцинамен жүргізілетін болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға қарай 15 жасқа дейінгі қыздардың кем дегенде 90% – ын АПВ-на қарсы егуді ұсынады. Бұл скринингпен және ерте емдеумен бірге 2045 жылға қарай жаңа ЖМО жағдайларын 42% – ға азайтып, 2070 жылға қарай бүкіл әлем бойынша 14 миллион өлімнің алдын алуға болады деген болжамды байқатады. АПВ вакцинациясы есептік деректер бойынша алдағы 100 жылда 45 миллионнан астам өлімнің алдын алуға болатынын айтып өтті мамандар.