Бүгін Қазақстан Республикасының онкологиялық қызметінің Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы басталды, оның барысында бірқатар өзекті мәселелердің ішінде еліміздің онкологиялық қызметінің өткен жылғы жұмысының қорытындылары да талқыланатын болады.
Үйлестіру кеңесінің отырыстары 19 және 20 ақпан күндері өтетін болады. Оның жұмысына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы, ҚР ҰҒА академигі Диляра Қайдарова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлеріндегі онкологиялық ұйымдардың басшылары қатысады. Екі күн ішінде өңірлердің бас онкологтарының 2023 жылғы есептері тыңдалмақ, өткен жылғы жұмыс қорытындыларын Абай облысының Ядролық медицина және онкология орталығы да ұсынатын болады. Әр өңірдің проблемалық мәселелерін, сондай-ақ оларды шешу жолдарын да талқылау жоспарлануда.
Айта кетерлігі, Үйлестіру кеңесінің ағымдағы отырысы үшін алаң ретінде Шығыс Қазақстан облысының көпсалалы онкология және хирургия Орталығы таңдалды. Бұл күндері ШҚО онкологтары еліміздің барлық өңірлерінен әріптестерін қабылдап қана қоймай, сонымен қатар іс-шара аясында көпсалалы Орталықтың мамандары қатысушыларды онкологиялық орталықта қолданылатын онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерімен таныстырып, жинақталған тәжірибелерімен бөліседі.