2025 жылдың 20 маусымы күні Семей қаласындағы Арена мәдени-спорттық кешенінде «Туған жерге туыңды тік» атты форумының салтанатты ашылуы өтті. Ауқымды шара аясында Семей топырағынан түлеп ұшқан, бүгінде елімізге белгілі дәрігер, Қазақстанның Еңбек Ері, Астана қаласы онкологтар қоғамының төрағасы, көпсалалы медицина орталығының бас дәрігері Мұхтар Есенжанұлы Тулеутаев арнайы келді.
Сапар барысында Мұхтар Есенжанұлы Ядролық медицина және онкология орталығына барып, әріптестерімен бірлесіп шеберлік сағаттарын өткізіп, ота жасау тәжірибесімен бөлісті. Бұл – өңірлік медициналық орталықтар мен жетекші клиникалар арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Мұхтар Тулеутаев — отандық медицинаның ардақты тұлғасы. Ол 1958 жылы 31 қаңтарда Семей облысы, Ақсуат ауданында дүниеге келген. 1983 жылы Семей мемлекеттік медицина институтын үздік бітіріп, еңбек жолын туған жеріндегі аудандық ауруханаларда бастаған.
Ол ұзақ жылдар бойы түрлі басшылық қызметтер атқарды – Семей облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, СМУ клиникасының директоры және проректоры, сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде жетекші қызмет атқарды. 2010 жылдан бері елордадағы көпсалалы медицина орталығын басқарып келеді.
Мұхтар Есенжанұлы – медицина ғылымдарының кандидаты, 100-ден астам ғылыми мақалалар мен монографиялардың авторы, халықаралық онкология форумдарының қатысушысы. АҚШ, Жапония, Германия сынды жетекші елдердің клиникаларында тағылымдамадан өткен тәжірибелі хирург. Басқаратын клиникасында жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен 15 мыңнан астам науқас ем қабылдайды.
2021 жылы оған еліміздегі ең жоғары марапаттардың бірі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Сондай-ақ «Отан» және «Құрмет» ордендерінің, мемлекеттік медальдардың иегері. Жұбайы – кардиолог-дәрігер Гүлнар Қамидоллақызы. Үш бала тәрбиелеп өсірген: Рүстем – кардиохирург, Шыңғыс – торакалды хирург, Айгүл – қаржыгер.