Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының ядролық медицина және онкология орталығы
Медицина қызметкерлері күні қарсаңында, Ядролық медицина және онкология орталығында салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік шараны Орталық директоры Саят Таңатаров құттықтау сөзімен ашты. Өз сөзінде ол әріптестерін алдағы кәсіби мерекемен құттықтап, медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегін атап өтті, сондай-ақ Орталық ұжымына өз тілегін білдірді.
«Медицина қызметкерлерінің жұмысы әрқашан оңай болған емес, өйткені олар адамдардың өмірі мен денсаулығына жауапты. Онкологиялық қызметтегі еңбек – екі есе күрделі, әрі жауапты десек те болады. Сондықтан Орталық әкімшілігінің атынан баршаңызға шын жүректен алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Баршаңызға зор денсаулық, табыс, бақыт тілеймін», – деді Саят Замамбекұлы.
Салтанатты іс-шара барысында дәрігер-сарапшы Мұхтарғазы Төлеутаев ұжым қызметкерлерін құттықтап, жылы лебіз білдірді.
Кәсіби шеберлігі, жұмыстағы жоғары жетістіктері, көпжылдық мінсіз еңбегі, сондай-ақ денсаулық сақтау саласына қосқан жемісті үлесі үшін біздің Орталықтың бірқатар қызметкерлері мемлекеттік және басқа да наградалармен марапатталды.
Бірқатар қызметкерлер Абай облысы әкімінің, Орталық директорының, сондай-ақ «Senim» кәсіподақ комитетінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сондай-ақ, бұл күні «Senim» кәсіподақ комитетінің қолдауымен жақында өңірде өткен медициналық ұйымдар арасындағы облыстық спартакиада жеңімпаздары грамоталармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.