Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының ядролық медицина және онкология орталығы
Жыл сайын 12 мамырда бүкіл әлемдегі медбикелер өздерінің кәсіби мерекелерін – Халықаралық медбикелер күнін атап өтеді. Бүгін біздің Орталығымызда да осы атаулы мерекеге орайластырылған салтанатты іс-шара өтті! Бұл күні ең адал, аяулы, мейірімді мамандық иелері өздеріне арналған ыстық ықылас пен құттықтауларды қабыл алды.
Салтанатты іс-шараны Орталық директоры, м.ғ. д., профессор Саят Таңатаров құттықтау сөзімен ашты. Өз сөзінде ол барлық мейірбикелік қызметтің өлшеусіз еңбегін атап өтіп, Орталығымыздың бірде-бір бөлімшесінің жұмысы мейірбикелерсіз атқарылмайтынын да айтты.
«Халықаралық мейірбике күні жыл сайын 12 мамырда атап өтіледі. Бұл мерекенің тарихы тереңде жатыр, осылайша ежелден бүкіл қоғам медбикелердің еңбегін ерекше құрметтеп келеді. Себебі пациенттерге емделу кезінде күтім жасаудың барлық ауыртпалығын медбикелер көтеріп келеді. Бұл – ең ізгілікті және асыл мамандықтардың бірі. Біздің Орталықта да барлық диагностикалық және бүкіл емдеу процесі де сіздердің жұмыстарыңызбен тығыз байланысты. Күнделікті қажырлы еңбектеріңіз, жоғары кәсібиліктеріңіз, адамгершіліктеріңіз үшін рахмет», – деді Саят Замамбекұлы.
Салтанатты іс-шараны жалғастыра отырып, Саят Таңатаров әріптестеріне қажырлы еңбегі үшін Облыс әкімінің, қала әкімінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының атынан және өз атынан мадақтамалар мен алғыс хаттар табыс етті. Бірқатар қызметкерлер «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының мадақтамаларымен марапатталды.
Медбикелерімізді Орталықтың барлық дәрігерлері атынан бөлім меңгерушілері кәсіби мерекелерімен құттықтады. Орталықтың сарапшы-дәрігері Мұхтарғазы Төлеутаев та құттықтау сөз сөйледі. Ал салтанатты шараның соңы көңілді концерттік бағдарламаға ұласты.
Қорытындылай келе, мейірбикелердің Денсаулық сақтау жүйесіндегі рөлі жыл сайын маңызды бола түсетінін атап өткен жөн. Уақыт талабына сай орта медицина қызметкерлерінің емдеу процесіне қатысуы артып, сонымен бірге функционалдары кеңейіп, науқастың денсаулығына деген кәсіби жауапкершіліктері де артып келеді. Өйткені, науқастарға көрсетілетін барлық емнің 80 пайызына дейін орта медицина қызметкерлерінің иығында жатыр. Тағы бір атап өтетіні, медбикелер Денсаулық сақтау жүйесіндегі ең көп кәсіби топтардың бірін құрайды. Біздің орталықта да осы игі істе 200-ге жуық мамандар еңбек етіп келеді.