Биыл біз бүкіл адамзатқа фашизмнен азат әлем сыйлаған ұмытылмас күн – Ұлы Жеңістің 80 жылдығын тойлаймыз. Сондай-ақ, 7 мамыр – Қазақстанда Отан қорғаушылар күні де келе жатыр. Бүгін біздің Орталықта осы мерекелерге орайластырылған салтанатты іс-шара өтті.
Жиынды ашқан Орталық директоры, м.ғ.д., профессор Саят Таңатаров құттықтау сөз сөйледі. Саят Замамбекұлы өз сөзінде басымызға бейбіт аспан сыйлаған аға ұрпақтың өлшеусіз ерлігін, табандылығы мен қайсарлығын, батылдығы мен ержүректілігін атап өтті. Сонымен қатар, Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Жеңіс күні – бұл жеңістің қандай жолмен, қалай жеткенін, баға жетпес құнын еске салатын тарихи дата. Біз бейбіт елде өмір сүруіміз үшін миллиондаған адамдар өз өмірін қиды. Сол қайғылы оқиғалардан зардап шекпеген бірде-бір отбасы жоқ. Аға ұрпақтың ерліктерін естен шығармай, баға жетпес сый – бейбіт аспанымызды қорғау біздің парызымыз», – деді Саят Таңатаров.
Сарапшы дәрігер Мұхтарғазы Төлеутаев та құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Ұлы Отан соғысының куәгерлері мен қатысушыларының естеліктерін айтып, сол қасіретті жылдардағы адамдардың қайсарлығы мен адам сенгісіз ерлігін еске түсірді. Барлық баяндамашылар атап өткендей, ең бастысы аталарымыз бен әкелеріміздің ерлігін ұмытпай, ұлықтау, төбеміздегі бейбіт аспанның баға жетпес сыйын бағалап, қорғау бүгінгі қоғамның парызы.
Салтанатты шара барысында бүгінгі отан қорғаушыларға да құттықтау сөздер айтылды. Алғашқылардың қатарында ұжымдағы ер азаматтарға құттықтаулар мен тілектер білдірген директордың емдеу ісі және медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Баян Бекетова да болды. Ол өз сөзінде әр шаңыраққа табыс, береке, бейбіт өмір тіледі.
Салтанатты шараның қорытынды бөлімінде «Senim» салалық кәсіподақ ұйымының қолдауымен Орталық қызметкерлері дайындаған қызықты концерттік бағдарлама көпшілікке тамаша көңіл күй сыйлады.