Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының ядролық медицина және онкология орталығы
Осы күнері Астанада, Ұлттық ғылыми онкология орталығында «Қазақстан Республикасындағы онкологиялық көмектің жаңа көкжиектері. ҰҒОО-болашақтың озық технологиялары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтуде. Конференция жұмысына директор, м.ғ. д., профессор Саят Таңатаров бастаған біздің Орталық мамандарының үлкен делегациясы қатысуда.
Конференция Қазақстандағы онкологиялық көмекті дамытудың кең ауқымды аспектілерін, проблемалары мен перспективаларын талқылауға, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің озық әдістері бойынша тәжірибе алмасуға, ғылым мен клиникалық тәжірибені дамытуға арналған ең үлкен диалог алаңына айналды. Конференция спикерлерінің құрамында Қазақстанның ғана емес, алыс-жақын шетелдердің жетекші сарапшылары бар.
Конференция аясында біздің Орталық мамандары да өздерінің мол тәжірибелерімен, соның ішінде қатерлі ісіктің әртүрлі локализациясын диагностикалау мен емдеуде ядролық медицинаны қолдану әдістерімен ой бөліседі. Орталығымыздың мейіргерлік іс жетекшісі Гүлнара Желпакова модераторы болған онкологиядағы мейірбике ісіне арналған секциясында радионуклидтік терапия бөлімшесінің аға мейіргері Динара Сайлаубекқызы «Радионуклидтік терапиядағы мейіргерлік істі ұйымдастыру» тақырыбында баяндама жасады.
Сондай-ақ, жақын арада директордың ядролық медицина және стратегиялық жоспарлау жөніндегі орынбасары Баян Атантаеваның «Ядролық медицина және онкология орталығында радиоиодтық терапияны енгізу тәжірибесі» баяндамасының тыңдалымы жоспарланған. Радиоизотопты диагностика дәрігері Райымгүл Тілебалды қуық асты безі обырын диагностикалауда 18F-PSMA-1007 фтор негізіндегі простата-спецификалық мембрана антигенін қолдану тәжірибесін ұсынады. Өндіріс бөлімшесінің жұмысын ұйымдастырудағы тәжірибесімен РФДП сапасын бақылау бөлімінің басшысы Бибігүл Қалиясқарова өндіірстік блок жұмысын ұйымдастыру тәжірибесімен бөліседі. Радиациялық қауіпсіздік және физикалық қорғаныс қызметінің басшысы Дәурен Әділбаев «Радинуклидтік терапияда радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Алғашқы қадамдар» тақырыбында баяндама жасайды.