Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының ядролық медицина және онкология орталығы
Ядролық медицина және онкология Орталығы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде. Осы күндері Ресейдің Томск қаласының политехникалық университетінің басшылығымен директор Саят Таңатаров бастаған Орталықтан делегация кездесулер өткізуде. Орталық делегациясының құрамында бас инженер Медет Идинов пен радиациялық қауіпсіздік және физикалық қорғау бөлімшесінің меңгерушісі Дәурен Әділбаев қатысуда.
Сапардың басты мақсаты – біздің Орталық пен университет арасында екіжақты ынтымақтастық орнату болды. Айта кету керек, Томск қаласының политехникалық университеті білім берудегі және «Ядролық технологиялар», оларды денсаулық сақтау сияқты бейбіт салаларында қолдану бағыттарында Ресейдің көшбасшыларының бірі болып табылады. Дәл осы ядролық технологиялар мен ядролық медицина салалары екіжақты ынтымақтастықта басымдыққа ие болады.
Осылайша, Томск Политехникалық университеті ядролық технологиялар инженерлік мектебінің директоры, ф. -м.ғ. к. Олег Долматовпен кездесу барысында медициналық физика, радиофармпрепараттар өндірісі және радиациялық қауіпсіздік сияқты бағыттардағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. Сондай – ақ, МАГАТЭ қамқорлығымен аймақтық хаб-құзыреттер орталығының құрылуын талқылау кездесудің жеке тақырыбы болды. Томск қаласындағы политехникалық университеттің серіктестері бұл жобаны жүзеге асыруға көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
Екіжақты ынтымақтастықтың басымдықтары ретінде Ядролық медицина орталығының базасында ТПУ студенттері үшін клиникалық базаны құру мәселесі де талқыланды. Осы және басқа да көптеген ынтымақтастық бағыттары таяу болашақта екіжақты ынтымақтастық туралы меморандуммен бекітілетін болады, оның егжей-тегжейлері де кездесу барысында талқыланды. Орталығымыз бен Томск қаласының политехникалық университетінің ынтымақтастығы туралы Меморандумға осы жылдың шілде айында өтеді «U-NOVUS» жас ғалымдардың Бүкілресейлік форумы барысында қол қойылады деп жоспарлануда.