Жақында біздің Орталығымыздың хирургтар тобы ұйқы безінің бас жағында қатерлі ісігі бар науқасқа күрделі ота жасады, ота барысында ұйқы безінің ісікпен зақымдалған басы, он екі елі ішек, асқазанның дистальды бөлігімен, холедоханың резекциясы жасалды.
Медициналық терминологияда бұл ота гастропанкреатодуоденальды резекция немесе Уиппл отасы деп аталады. Әдетте, бұл отаны тағайындаудың көрсеткіштері ұйқы безі басының, холедохтың терминалды бөлімінің, үлкен он екі елі ішектің және он екі елі ішектің верификацияланған ісік зақымдануы, сондай-ақ аталған локализациядағы қатерлі процесті жоққа шығара алмау болып табылады. Сонымен қатар, кейбір жағдайларда созылмалы панкреатитпен ауыратын науқастарға тағайындалады. Гастропанкреатодуоденальды резекция өте күрделі болып саналады, себебі науқастың зардап шеккен бірқатар органдары жойылады, сондықтан отаны жүргізуге жоғары білікті мамандар мен заманауи жабдықталған оперблок қажет.
«Біз 1-ші сатыдағы ұйқы безі басының ісігі бар науқасқа ота жасадық. Бұған дейін науқас химиотерапия курстарынан өткен. Отаның күрделі болып саналатынына бірнеше себептер бар. Зақымдалған органды алып тастағаннан кейін асқазан-ішек жолын қалпына келтіру қажет: анастомоздар қолданылады – ұйқы безі, өт жолдары, асқазан аш ішекпен қайта қосылады. Осындай әрекеттер тәуекелдерді арттырады, отаны едәуір қиындатады»,-деп атап өтті хирургия бөлімінің меңгерушісі, хирург-онколог Онищенко Максим Борисович.
Операцияға хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Максим Онищенконың басшылығымен хирургтардың бір тобы, оның ішінде хирургтар Асхат Қабыкенов, Әміржан Абешов, Аманжол Қанапиянов және Айдар Маженов жұмылдырылды. Жалпы алғанда, ота жеті жарым сағаттан астам уақытқа созылды.
«Соңғы рет біздің Орталығымызда осындай ота 2019 жылы профессор Адылханов Тасболат Алпысбесұлының басшылығымен жүргізілген болатын. Мұның өзі аталмыш отаның күрделілігінің тағы бір дәлелі. Бес жылдан астам уақыт ішіндегі үзілістен кейін мұндай күрделі оталарды қайта жалғастырдық. Бұл біздің хирургтар, анестезиологтар, реаниматологтар, мейіргерді қоса алғанда, үлкен команданың күш-жігері мен үйлесімді жұмысының арқасында мүмкін болғанын атап өткім келеді. Бізде жоғары білікті мамандар, заманауи жабдықталған оперблок бар. Осының арқасында отаның күрделілігіне қарамастан, ота ешбір асқынуларсыз сәтті өтті», – дейді Максим Онищенко.
Хирургия бөлімінің меңгерушісі атап өткендей, қазіргі уақытта науқастың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, қазір ол операциядан кейінгі қалпына келтіру кезеңінде, біраз уақыттан кейін гастропанкреатодуоденальды резекцияның нәтижелерін бекіту үшін тағы химиотерапия курстарынан өтетін болады. Науқас қалпына келгеннен кейін, арнайы диетаны ұстануы керек, өйткені ағзаның ас қорыту жүйесі өзгерді, бірақ тұтастай алғанда ол толыққанды өмір салтын жүргізе алады.