Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының ядролық медицина және онкология орталығы
Бүгін Ядролық медицина және онкология орталығында халықаралық қатысулармен «Тераностиканы енгізу бойынша ұлттық оқыту курсы» атты шеберлік сабағы басталды. Шеберлік сабағының жұмысына Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген әртүрлі клиникалары мен ғылыми Орталықтарынан ядролық медицина саласының мамандары қатысуда. Дәріс берушілер ретінде Еуропаның жетекші ғылыми Орталықтарынан ядролық медицина саласындағы сарапшылар шақырылды. Олардың қатарында АЭХА-нің сарапшысы, АЭХА-ның ядролық медицина және диагностикалық визуализация бөлімінің маманы, профессор Франческо Джаммариле, Брюссель университеті ауруханасы Жюль Борде институтының медицина физигі – Хьюго Леввилен, Брюссель университеті ауруханасы Жюль Борде институтының ядролық медицина дәрігері – Фламен Патрик, сондай-ақ университеттік медициналық Орталықтың радиохимигі – Гронинген Эрик де Врис бар.
Кездесуді аша отырып, Абай облысы әкімінің орынбасары Қуаныш Сулейменов шараның құрметті қонағы ретінде сөз сөйледі. Ол ең алдымен, денсаулық сақтау саласын қарқынды дамыту еліміздің басты басымдықтарының бірі болып табылатынын, ол үкімет пен облыс басшылығының ерекше бақылауында екенін айтты. Сондай-ақ онкологиялық қызмет пен ядролық медицинаны дамыту қажеттігін де атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, Үкімет және облыс басшылығы еліміздегі медицинаның қарқынды дамуы үшін көп күш салуда. Дегенмен, денсаулық сақтау саласында, әсіресе онкологиялық ауруларға қатысты қол жеткізген жетістіктермен тоқталып қалуға болмайды. Мұндай қатерлі ісік сияқты ауыр дертке шалдыққан еліміздің әрбір тұрғыны өз елінде барлық қажетті заманауи ем алғаны маңызды. Сондықтан, мен бүгінде ядролық медицина сияқты болашағы зор саланы белсенді дамытып жатқан шетелдік әріптестерімізге, отандық мамандарға ризашылық білдіргім келеді. Біздің ынтымақтастығымыз уақыт өте келе нығайып, кеңейе түседі деп сенемін. Жеке өз атымнан және Абай облысының әкімі Берік Уәлидің атынан баршаңызға сәттілік, еңбектеріңізге жетістік тілеймін», – деді Қуаныш Сулейменов.
Құрметті қонақтар қатарында Абай облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков те құттықтау сөз сөйледі. Ол онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу мүмкіндіктерін жақсарту үшін ядролық медицинаны дамытудың маңыздылығын атап өтіп, шеберлік сабағының жұмысына сәттілік, қатысушыларға тындырымды еңбек тіледі.
Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында «СМУ» КеАҚ Басқарма төрағасы –ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Алтай Дюсупов та сөз сөйледі. Ол өз сөзінде университет пен біздің Орталық арасындағы ұзақ мерзімді серіктестікті айта келіп, оның ішінде мамандарды дайындау, практикалық денсаулық сақтау және ғылыми зерттеулері мәселелеріне ерекше тоқталды. Сондай-ақ, ол осы шеберлік сабағының арқасында ядролық медицина саласы айтарлықтай серпін алып, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
Орталық директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Саят Таңатаров та қонақтарға жылы лебіз білдіріп, Орталықтың ядролық медицинаны дамытуға, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің жаңа мүмкіндіктерін енгізуге бағытталған маңызды басымдықтарын айтып берді.
«Алдымыздағы бес күн ішінде ядролық медицина саласында, соның ішінде радиофармацевтикалық препараттарды өндіру, оларды қатерлі ісік ауруларын диагностикалау мен емдеуде қолданудың көптеген мәселелері талқыланатын болады. Біз тәжірибемізге енгізуді мақсат етіп отырған тераностика – бұл қатерлі ісік ауруларын диагностикалау мен емдеудегі мүмкіндіктерімізді айтарлықтай кеңейтетін дамудың жаңа кезеңі. Бүгін басталып отырған шеберлік сабағы біздің Орталық үшін ғана емес, еліміздің басқа өңірлеріндегі әріптестеріміз үшін де маңызды іс шара болып табылады, себебі бүгінде Қазақстанның басқа аймақтарында да ядролық медицина саласы белсенді дамып келеді. Сондықтан АЭХА-ның сарапшыларына шын жүректен алғысымды білдіремін және барлық әріптестеріме жұмыстарына жетістік тілеймін», – деді Саят Таңатаров.
Шеберлік сабағы апта бойына жалғасады, осы уақыт ішінде онкологиядағы тераностиканың маңызды аспектілері талқыланатынын айта кету керек. Радиофармацевтикалық препараттарды өндіру, синтездеу және сапасын бақылаудағы шетелдік тәжірибе, сондай-ақ нақты диагностиканы, емдеуді жоспарлауды және радионуклидті терапияны қамтамасыз ету үшін ПЭТ/КT және ОФЭКT/КT сияқты көрнекілеу әдістерін терапиялық процедуралармен біріктіру тәжірибесі ұсынылатын болады. Тераностиканы клиникалық тәжірибеге енгізу үшін радиологтар, ядролық медицина дәрігерлері, медицина физиктері және онкологтар арасындағы тиімді өзара әрекетті қамтамасыз ету тәсілдері. Радиациядан қорғау және қауіпсіздік саласындағы шетелдік тәжірибелер көрсетіледі. Алынған білім Орталыққа ядролық медицина саласында жаңа тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді және тераностиканың дамуының маңызды кезеңіне айналады.