11 ақпанда Ядролық медицина және онкология орталығының директоры, м.ғ.д., профессор Саят Таңатаров Алматыдағы Ядролық физика институтына жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамына директордың ядролық медицина және стратегиялық жоспарлау жөніндегі орынбасары Баян Атантаева, сондай-ақ Орталықтың бас инженері Медет Идинов кірді.
Кездесуге Ядролық физика институтының бас директоры, ф.-м.ғ.д., КазҰЖҒА академигі Саябек Сахиев, бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары, ф.-м. ғ. к. Евгений Ермаков, сондай-ақ Институттың радиохимия және изотоптық өндіріс ғылыми-техникалық орталығының басшысы Елена Чакрова қатысты.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге, оның ішінде онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуге арналған радиофармпрепараттар өндіру саласындағы бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Қазіргі уақытта Ядролық физика институты радиофармацевтикалық препараттарды өндіру саласындағы көшбасшылардың бірі болып табылады. Қазақстанда өндірілетін радиофармпрепараттардың барлық атауларының шамамен 85% Ядролық физика институтында өндіріліп келеді. Нақтылайтын болсақ, кездесуде, біздің Орталыққа арналған лютеций негізіндегі радиофармпрепаратты ядролық физика институтында өндіруі талқыланды. Синтезден кейін Орталығымызда оның негізінде қуық асты безінің қатерлі ісігін емдеуде қолданылатын Lu177-PSMA радиофармацевтикалық препараты жасалатын болады. Естеріңізге сала кетейік, жақында Орталығымызда қуық асты безінің қатерлі ісігін диагностикалауда қолданылатын фтор изотопына негізделген 18F-PSMA-1007 радиофармпрепаратының өндірісі жолға қойылған болатын. Lu177-PSMA радиофармацевтикалық өндірісінің басталуымен Орталықта тераностиканың толық циклін, яғни диагностикадан бастап қуық асты безінің обырын емдеуге дейінгі барлық кезеңдерді қамтитын болады.
«Ядролық медицина саласында біздің Орталық соңғы жылдары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді, бірақ сонымен бірге біз пациенттерімізді диагностика мен емдеудің ең озық әдістерімен қамтамасыз ету үшін осы саланы дамытуды мақсат етіп отырмыз. Біз үшін басты басымдық – тераностиканы, радиофармпрепараттарды пайдаланудың толық циклін енгізу. Орталық пен Ядролық физика институтының екіжақты ынтымақтастығы жылдар өткен сайын дамып, онкологиядағы ядролық медицина саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімдіміз», – деді кездесу барысында Орталық директоры Саят Таңатаров.
Орталық директоры атап өткендей, қазіргі уақытта біздің басты басымдылықтарымыздың бірі – Орталық жұмысына тераностиканы енгізу болып табылады. Бұл радиофармацевтикалық препараттардың кең ауқымын өндіруден бастап, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуде қолдануға дейін толық циклді қамтамасыз ететін Орталық үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Ағымдағы жиын осы міндетті жүзеге асырудың маңызды кезеңдерінің бірі болып табылады.