Осы күндері ядролық медицина және онкология Орталығында ядролық медицина мамандары үшін радионуклидті бейнелеуде, атап айтқанда ПЭТ/КТ зерттеулерінде қолданылатын 18F-PSMA-1007 фтор негізіндегі простата-спецификалық мембрана-антигенді қолдану бойынша Шеберлік сабағы өтуде. Жетекші консультанттар ретінде Петровский атындағы РҒХО (Ресей) диагностиканың радионуклидтік әдістері бөлімінің меңгерушісі сәулелік диагностика және терапия кафедрасының профессоры, м.ғ.д. Игорь Альбертович Знаменский және Н.Н.Александров атындағы Республикалық онкология және медициналық радиология ғылыми-практикалық орталығының (Беларусь) изотоптық циклотрондық-радиохимиялық зертханасының меңгерушісі– Игорь Александрович Ковалев мастер-класс өткізуде.
Айта кету керек, Қазақстанда бұл радиофармпрепарат алғаш рет өндіріліп отыр. 18F-PSMA-1007 фтор-18 – радионуклидті фтор изотопына негізделген радиоактивті белгісі бар. Осының арқасында пациенттің денесіне енгізілгеннен кейін препарат простатада жинақталуға бейім, соның арқасында препараттың жинақталуы және жинақталу дәрежесі мен орналасуы бойынша пациенттің простата обыры, метастаздары немесе басқа да онкологиялық патологияларының бар-жоғын дәл анықтауға болады. Аталған жинақталу дәрежесі ПЭТ-КТ зерттеулерінің арқасында бақыланады, бұл бейнелеу әдісі сәулелік диагностика сияқты басқа дәстүрлі бейнелеу әдістерінен едәуір асып түседі.
Айта кету керек, радиофармпрепаратты өндіруден бастап ПЭТ/КТ тексерулерін жүргізуге дейінгі барлық процестер толығымен біздің орталықтың базасында жүзеге асырылады. Күрделі және көп деңгейлі технологиялық процестің басында арнайы аппарат – циклотронда фтор-18 изотопы жасалады, содан кейін бұл изотоп синтез зертханасына жеткізіледі, онда технолог химиктер 18F-PSMA-1007 радиофармпрепаратын синтездейді. Ол әрі қарай сапаны бақылау зертханасына жіберіледі, онда аналитикалық химиктер оның барлық сапа стандарттарына сәйкестігін тексереді. Сапа бақылауынан өткеннен кейін радиофармпрепарат радиофармацевттерге жеткізіледі, онда әрбір пациенттің жеке физиологиялық ерекшеліктері ескеріле отырып, инъекциялар дайындалады. Осыдан кейін, арнайы қорғаныс контейнерінде пайдалануға дайын радиофармпрепарат радионуклидті диагностика бөлімшесіне жеткізіледі, осы бөлімшеде ол пациентке салынады. Препаратты енгізгеннен кейін пациент ағзада препараттың жинақталу процесі жүріп жатқан кезде арнайы палатада күтуі керек, содан кейін пациент ПЭТ/КТ тексеруден өтеді, оның нәтижелеріне онколог дәрігерлер толығымен талдау жасайды.
ПЭТ/КТ зерттеуінің нәтижелерін талдау немесе сипаттау ең маңызды кезеңдердің бірі болып табылады, себебі оның нәтижелері бойынша пациенттің диагнозы қойылып ғана қоймай, сонымен қатар емдеу тактикасы да анықталады және қолданылатын емнің тиімділігі бақыланады. Шеберлік сабағының барысында нәтижелерді оқудың барлық ерекшеліктері туралы профессор Игорь Знаменский айтып берді.
«Шеберлік сабағы барысында біз диагностика процесінде радиофармпрепаратты қолдануға, препарат пациенттің денесіне қалай енгізілетініне, қандай дозада, жинақталуға қанша уақыт кететініне, пациенттің ағзасында препараттың жинақталу процесінде қандай күйде болуына, зерттеу алдында қандай дайындық қажет екеніне назар аударатын боламыз. Сондай – ақ, ПЭТ/КТ зерттеулерін жүргізгеннен кейін нәтижелерді сипаттау әдістемесі бойынша консультация жүргіземіз», – деп атап өтті Игорь Знаменский.
Тағы бір атап өтетіні, осымен іске қосылып отырған фтор негізіндегі 18F-PSMA – 1007 радиофармпрепараты біздің орталықта толық циклі игерілген үшінші радиофармпрепарат болды. Осы үлкен жетістік онкологиялық ауруларды, оның ішінде простата обырын диагностикалау және емдеу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге және одан әрі терапияны жоспарлауға мүмкіндік береді.