Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының ядролық медицина және онкология орталығы
Осы күндері еліміздің оңтүстік астанасында, С. Ж. Асфендияров атындағы қазақ Ұлттық медицина университетінде 2024 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы онкологиялық қызметінің Үйлестіру кеңесінің отырысы өтуде. Кездесу барысында еліміздегі онкологиялық көмек жұмысының маңызды аспектілері мен негізгі көрсеткіштері талқыланады, қорытындылар шығарылып, перспективаға арналған басым бағыттар белгіленеді.
Үйлестіру кеңесінің отырысы барысында жалпы Қазақстанның онкологиялық қызметінің, сондай-ақ өңірлердегі онкологиялық орталықтардың жұмысы талқыланады. Өткен жылдың 12 айының қорытындысы бойынша жұмыс көрсеткіштерін Абай облысының Ядролық медицина және онкология Орталығы да ұсынды, осы бойынша Орталықтың директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Саят Таңатаров баяндама жасады.
Баяндамада Орталық жұмысының, сондай-ақ Абай облысындағы онкологиялық көмектің негізгі индикаторлары, оның ішінде онкологиялық сырқатқа шалдығу мен одан болатын өлім-жітім көрсеткіштері айтылды. Орталық директоры атап өткендей, өткен жылы өңірде 2023 жылмен салыстырғанда қатерлі ісік ауруына шалдыққандар санының 0,6% – ға өсуі байқалады, алайда өткен жылы онкологтар қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімнің 3,2% – ға төмендеуіне қол жеткізді, 2023 жылмен салыстырғанда ерте диагностикалау мүмкіндіктері жақсарды және қатерлі ісік ауруларының асқыну жағдайларының саны азайды. Тағы бір атап өтетіні – бүгінгі күнде өңірімізде адамдардың өмірі мен денсаулығына ең көп қауіп төндіретін қатерлі дерттердің қатарында өкпе, асқазан, өңеш, колоректальды қатерлі ісік және сүт безі қатерлі ісігі болып табылады.
Баяндама барысында Орталық директоры Саят Таңатаров 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі Кешенді жоспарды іске асырудың негізгі индикаторларын, сондай-ақ өңірде онкологиялық көмекті одан әрі дамытуға бағытталған шараларды атап өтті. Мәселен, биылғы жылдың бірінші тоқсанында Абай облысының Ядролық медицина және онкология орталығы базасында сараптамалық эндоскопиялық орталықтың ашылуы жоспарлануда. Бұл өз кезегінде Орталықтың бірқатар қатерлі ісіктерді диагностикалау мен емдеудегі мүмкіндіктерін едәуір жақсартады.