Жақында біздің орталықтың реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің анестезист-мейіргер Назым Бекішева республикалық байқаудың жеңімпазы болып «Қазақстанның құрметті мейіргері» атанды. Мұндай лайықты марапат біздің әріптесіміздің көп жылдық қажырлы еңбегін мойындау мен жоғары бағалаудың нәтижесі болды.
Назым Бекішева онкологиялық қызметте 16 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Хирургия бөлімінде істеген біршама жылдарда, Орталығымызда ішек стомасы бар науқастарға, яғни хирургиялық операциядан кейін ішектің күрделі аурулары бар науқастарға оңалту және медициналық көмек көрсету ісін енгізу мен дамытуға белсенді қатысты.
«Мен әрқашан дәрігер болуды, адамдарға көмектесуді, қоғамға пайда әкелуді армандайтынмын. Сондықтан мен үшін мамандық таңдау айқын болды. Оқуды бітіргеннен кейін Орталығымызда алғашқы күндерден бастап жұмыс оңай болған жоқ, тіпті қиын, жауапты деп айтса да артық емес. Алайда тамаша дәрігерлер, мықты тәлімгерлер, ұйымшыл ұжымның арқасында кез-келген қиындықтардан өте алдық», – дейді Назым Бекішева.
Соңғы төрт жылдан астам уақыт бойы Назым реанимация және қарқынды терапия бөлімінде анестезист-мейіргер лауазымында еңбек етіп келеді. Айта кету керек, жалпы денсаулық сақтаудың барлық буындарында орта медициналық персонал сенімді тірек және дәрігерлердің көмекшісі болып табылады, алайда реанимация бөліміндегі мейіргерлердің жұмысы одан да жоғары маңыздылыққа ие, себебі олардың әрбір қадамы пациенттердің өмірі мен денсаулығымен тікелей байланыста, сондықтан мамандардан әрқашан жинақылықты, өзгермелі жағдайларда жедел әрекет етуді, қойылған міндеттерді дәл орындауды талап етеді, мейіргерлерге жүктелген міндеттер де аз емес. Назым Бекішеваға келетін болсақ, ең бастысы ол хирургиялық операцияларға қатысып, наркозға дейінгі дайындықта, анестезия кезінде, наркоздан кейінгі кезеңде дәрілік заттардың қолданылуын қадағалайды.
«Операция кезінде барлық медицина қызметкерлері үздіксіз қарбаласта жүреді, себебі тіпті минуттар емес, санаулы секундтар ішінде дереу қабылданбаған шаралар жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан біз әрқашан жинақы, жедел әрекет етіп, дәрігердің алдымызға қойған барлық тапсырмаларын орындауымыз керек. Әрбір операция біз үшін үлкен күйзеліс десек те болады, өйткені бір көзден қарағанда қарапайым хирургиялық әрекеттің өзі де, тұрақты келе жатқан жағдай дереу өзгеруі мүмкін. Мысалы, анестезия кезінде науқас кенеттен жөтеле бастады, қысымы көтерілді, мұндай жағдайлар туындаған кездерде біз бірден қажетті әрекет етуіміз керек. Ия, осындай ауыр ритмде жұмыс істеу оңай емес, бірақ барлығы тәжірибемен келеді. Бірақ әрдайым өзгеріссіз қалатыны– бұл жауапкершілік сезімі», – дейді Назым Бекішева өзінің күнделікті жұмысы туралы.
Анестезист-мейіргерлеріміздің көпшілікке көрінбейтін жұмысының тағы бір бөлігі бар – олар тек реанимация бөлімінде ғана емес, бүкіл Орталығымыздың ішінде «жедел жәрдем» қызметін атқарады. Нәзік жанды Назым да пациенттерге шұғыл көмек көрсетуге әрдайым дайын
«Біздің жұмысымызда әртүрлі жағдайлар болады. Пациенттердің ішінде қатерлі ісіктің асқынған түрімен, хоспистен келген науқастар ем алып келеді. Біреулер алып жатқан емін, мысалы, химиотерапияға немесе сәулелік терапияны ауыр көтереді, кейде қабылдау кезінде денсаулығы сыр бере бастайды. Бөлімшесінде телефон шырылдап, «көк код» десе, онда шұғыл көмек қажет дегендігін білдіреді. Қажетті жабдықтарымызды, дәрі-дәрмектерімізді алып, дереу шақырған бөлімшеге барамыз», -дейді анестезист медбике.
Орталығымызда еңбек етіп келген жылдар бойы Назым өзін жоғары білікті маман ретінде ғана емес, сонымен қатар жарқын, шығармашылық тұлға ретінде көрсете білді. Ол Орталықтың қоғамдық өміріне белсенді қатысады, кәсіподақтың белсенді мүшесі болып табылады, мерекелік концерттерде өнер көрсетіп, сахнада әр түрлі образдарға кіріп, мәнерлеп өлең оқу қабілетімен де әріптестерін таң қалдырады.
Жұмыста үлгілі маман және тамаша әріптес, ал үйде қамқор ана мен аяулы жар ретінде танытты. Назым жұбайымен бірге бір қыз, екі ұлын тәрбиелеп келеді. Балаларыңыздың біреуі сіздің ізіңізбен жүріп, медицина саласын таңдағанын қалайсыз ба деген сұраққа, қызметтің ыстық-суығын көрген Назым «Ия, әрине», – деген нақты жауап берді, себебі медицина ең адал және асыл мамандық деп бекер айтылмаған. Қоғамға қызмет ету-ең жоғары құрмет емес пе.
Олай болса, қорытындылай келе, бүкіл ұжым атынан Назым Бекішеваны лайықты марапатымен шын жүректен құттықтағымыз келеді, осындай қиын, бірақ маңызды ісінде табыстар, одан да биік белестерді бағындыруды тілейміз