Онкологиялық қызметтің жұмысында сапалы медициналық көмек көрсетуде ең озық жабдықты немесе заманауи медициналық препараттарды қолдану ғана емес, ең негізгі факторлардың бірі – медицина қызметкерлерінің кәсібилігі мен біліктілігінің жоғары деңгейі. Сондықтан біздің Орталығымызда барлық деңгейде қызметкерлер біліктілігінің үздіксіз өсуіне ерекше көңіл бөлінеді. Осының арқасында дәрігерлер, мейіргерлер және басқа да мамандар Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар алыс – жақын шет елдердің жетекші ғылыми орталықтары мен клиникаларында үнемі оқытудан өтуге мүмкіндігі бар. Мәселен, осы айда химиотерапия бөлімшесінің аға медбикесі Назгүл Батталова, сондай-ақ химиотерапия бөлімшесінің мейіргері Гүлжанат Темірбаева мен Төлеуғайша Рахметуллина Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының базасында біліктілікті арттыру бойынша апталық курстардан өтіп келді. Оқытудың басты тақырыбы – «Цитостатикалық дәрілік заттарды орталықтандырылған сұйылту кабинеттерінде ісікке қарсы препараттарды ұтымды пайдалану және қауіпсіз өңдеу» болды.
Орталықта ісікке қарсы препараттармен жұмыс барлық стандарттар мен талаптар бойынша жүзеге асырылатынына қарамастан, тәжірибе алмасу осы бағытты одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.