Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының ядролық медицина және онкология орталығы
Абай облысы білім басқармасының «Көлік колледжі» КМҚК білім алушыларына арналған дәріс өтті. Дәріс барысында өкпе қатерлі ісігінің ерекшеліктері, оның алдын алу, анықтау және емдеу шаралары туралы сұрақтар қозғалды. Дәрісті маммология және гинекология бөлімінің дәрігері Мадина Азиатқызы Мұсылманова оқыды.
Өкпе қатерлі ісігі ― анағұрлым кең таралған онкопатологияның бірі. Ол бронх немесе альвеола шырышты қабықшадағы жасушалардың қатерленуімен сипатталады.
Өкпе қатерлі ісігінің белгілері
Өкпе қатерлі ісігінің көріністері патологиялық процестің локализациясына, оның даму кезеңіне, жақын және алыс орналасқан ішкі органдардың қатыстылығына байланысты.
Биологиялық кезең өкпе жасушаларының қатерлі ісікке айналу сәтінен басталып, рентгенологиялық белгілер пайда болғанға дейін созылады. Әдетте, бұл кезеңде клиникалық көрініс мүлдем болмайды.
Белгісі болмаған кезеңде симптомдар жоқ немесе олар соншалықты айрықша емес, адам оларды аурумен байланыстырмайды, көбінесе оларды шаршағандық пен өмірдің қатаң ырғағына сілтейді. Оларға ұйқышылдық, әлсіздік, еңбек қабілетінің төмендеуі, тәбеттің болмауы, салмақ жоғалуы жатады.
Клиникалық кезеңде симптомдары пайда болады да біртіндеп өсе береді. Өкпе қатерлі ісігінің анағұрлым кең таралған белгілері мыналар:
• жүйесіз жөтел (көбінесе шырышты-іріңді қақырықтың бөлінуімен);
• қанды қақырық;
• дауыстың қарлығуы (кезбе нервтің қысылуына байланысты);
• субфебрильді қызба;
• кеуде тұсындағы ауырсыну;
• ентігу.