Бүгін еліміздің онкологтарының биылғы 9 айдағы жұмысын қорытындылаған Қазақстан онкологиялық қызметі Үйлестіру кеңесінің бірінші күні болып жатыр. Үйлестіру кеңесінің жұмысына Қазақстанның барлық өңіріндегі онкологиялық орталықтардың басшылары мен онкологияның әртүрлі бағыттарының дәрігерлері қатысуда. Жұмыс кеңесінің барысында онколог-дәрігерлер еліміздегі қатерлі ісіктердің аурушаңдық көрсеткіштерін, онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте анықтау шараларын талқылайды, сондай-ақ онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерімен тәжірибе алмасады.
Алғаш рет Үйлестіру кеңесін өткізу орны ретінде қазіргі таңда қатерлі ісік ауруларын диагностикалау мен емдеуде ядролық медицинаны қолдану бойынша көшбасшы болып табылатын Қазақстандағы жетекші орталықтардың – Ядролық медицина және онкология орталығы таңдалды.
Үйлестіру кеңесінің алғашқы қорытындыларына келетін болсақ, ҚазҰҒЗИ стратегиялық және инвестициялық даму бөлімінің басшысы Алма Жылқайдарова атап өткендей, соңғы уақытта Қазақстанның көптеген өңірлерінде онкологиялық ауруларға шалдығу деңгейі төмендей бастағаны байқалады. Жалпы, ағымдағы жылдың 9 айында қатерлі ісіктің 30 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталды. Еліміз бойынша 228 мыңнан астам адам динамикалық бақылауда. Статистика көрсетіп отырғандай, онкологиялық аурулармен әйел адамдар жиі ауырады, соған қарамастан онкологиялық аурулардан өлім-жітім ерлер арасында жоғары. Алма Жылқайдарова бұл ең алдымен ер адамдардың қатерлі ісік ауруының асқыну сатысында дәрігерге баруымен байланысты екенін атап өтті. Аурудың құрылымына келетін болсақ, сүт безі обыры Қазақстанда әлі де алдыңғы орында. Екінші орында аурушаңдық деңгейі бойынша колоректальды қатерлі ісік тұр.
Сондай-ақ баяндамалар барысында онкологиялық қызметтің онкологиялық ауруларға қарсы күрестің 2023-2027 жылдарға арналған Кешенді жоспары аясындағы жұмыстардың негізгі индикаторлары айтылды. Проблемалық мәселелер де талқыланды, мәселен, қазіргі таңда Қазақстанның бүкіл онкологиялық қызметі үшін өзекті мәселелердің бірі – кадр тапшылығы. Бұл мәселе әсіресе аймақтағы өңірлерде сезіледі.