Құрметті достар! Гинекологиялық қатерлі ісіктер туралы не білесіздер? Мақаламызда осы және басқа да өзекті сұрақтарға қарапайым және түсінікті түрде жауап беруге тырысамыз. Біріншіден, гинекологиялық қатерлі ісіктер туралы айтатын болсақ, бұл әйелдердің репродуктивті жүйесіне әсер ететін бір ғана емес, бірнеше ауруларын біріктіретіні туралы бірден атап өткен жөн. Олар орта есеппен алғанда жалпы әйелдерде кездесетін қатерлі ісіктердің төрттен бір бөлігін құрайды. Қазақстанда, жалпы әлемдегі сияқты, жатыр мойны обыры, аналық без обыры және жатыр қатерлі ісігі жиі кездеседі. Мәселен, Абай облысы бойынша биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында жатыр мойны обырының 39 жаңа жағдайы, жатырдың 32 қатерлі ісігі, сондай – ақ аналық без обырының 21 жағдайы анықталған болатын. Ең алаңдатарлық нәрсе – аурулардың көпшілігі асқыну сатысында анықталады, бұл өз кезегінде емдеуді қиындатып, денсаулыққа келетін зиянды көбейте түседі.
Екіншіден, бүгінгі күні пайда болу ықтималдығын толығымен жоятын алгоритмдер болмаса да, оны айтарлықтай азайтуға мүмкіндік бар екенін ерекше атап өткіміз келеді. Мысалы, адам папиллома вирусына қарсы вакцина-бұл гинекологиялық қатерлі ісіктің кейбір түрлерінен қорғануға мүмкіндік беретін шаралардың бірі. Салауатты өмір салты және жаман әдеттердің болмауы да қатерлі ісік ауруының ықтималдығын азайтуға көмектеседі.
Алайда, бүгінгі күнде медицина әсер ете алмайтын қауіп-қатер де бар. Бұл қатарға жас көрсеткіштері немесе қатерлі ісікке деген генетикалық бейімділігі жатады. Сондықтан үшіншіден назар аударғымыз келетіні – скринингтік тексерулер. Олар әртүрлі патологияларды, соның ішінде қатерлі ісік ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Қазақстанда 2008 жылдан бастап жатыр мойны обырын ерте анықтауға арналған Ұлттық скринингтік бағдарлама бар. Осы бағдарламаға сәйкес, 30-70 жас аралығындағы әрбір әйел 4 жылда 1 рет скринингтен өтуі тиіс. Бұл тегін және көп уақытты қажет етпейді.
Анықталып жатқан кездерде дереу дабыл қағып, тексерулерден өтіп дәрігердің кеңесін алуға асығуды қажет ететін гинекологиялық қатерлі ісіктердің алғашқы белгілері де маңызды тақырып болып табылады. Алайда, дерттің локализациясына байланысты олар бір-бірінен ерекшеленуі мүмкін. Сондықтан, бұл келесі жарияланымның тақырыбы болады. Олай болса, маңызды ақпаратты жіберіп алмау үшін әлі де ресми ресурстарымызға тіркелмеген болсаңыздар, біздің Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі парақшаларымызға тіркелулеріңізді сұраймыз! Біздің жарияланымдардың сілтемелерімен бөлісуді де ұмытпаңыздар, осылайша пайдалы ақпаратты таратуға өз үлестеріңізді қоса аласыздар! Естеріңізде болсын, дұрыс хабардар болу – онкологиямен күрестегі алғашқы қадам.