Жыл сайын 1 тамызда Дүниежүзілік өкпе обырына қарсы күрес күні атап өтіледі. Бұл күннің мақсаты-халықтың ауру туралы, оның адам мен қоғамның денсаулығына әсері, қауіп факторлары, дертті анықтау, алдын алу және емдеу әдістері туралы хабардарлығын арттыру болып табылады.
Өкпенің қатерлі ісігі – пайда болу себептері, гистологиялық құрылымы, клиникалық ағымы және емдеу нәтижелері бойынша әртүрлі қатерлі ісіктерін біріктіретін ұғым. Өкпе обыры екі негізгі топқа бөлінеді – кіші жасушалы емес өкпе обыры және кіші жасушалы өкпе обыры.
Өкпенің қатерлі ісігі – онкологиялық аурулардың ең көп таралған түрлерінің бірі (әсіресе ерлер арасында) және онкологиялық патологиядан болатын өлім себтері бойынша да алдыңғы қатарда. Бүкіл әлемде жыл сайын өкпенің қатерлі ісігінің өлім көрсеткіштері сүт безі, тоқ ішек қатерлі ісіктері және простата обыры сияқты кең таралған ауыр дерттерден біріктірілген өрсеткіштерінен де жоғары.
20-шы ғасырдың басында өкпенің қатерлі ісігі сирек кездесетін аурулардың қатарына жататын, алайда бүгінде бүкіл әлем бойынша ол барлық қатерлі ісіктердің шамамен 13%-ын және қатерлі ісіктен тіркелетін өлімінің бестен бір бөлігін құрайды. Өкінішке орай бұл көрсеткіштер жылдан жылға тек өсіп келеді. Біздің елімізде Абай облысында бірінші жартыжылдықта өкпенің қатерлі ісігінің жүзден астам жаңа жағдайы анықталған, жыл басынан бері ауру 75 адамның өмірін қиды. Тағы бір атап өтетіні, барлық анықталған өкпе обырларының тек төрттен бір бөлігі ғана ерте сатысында анықталады. Аурудың кеш сатысында анықталуы – бұл өкпенің қатерлі ісігінен болатын өлім-жітімнің басты себебі болып табылады. Ал осы аурумен сырқаттанушылықтың өсуін мамандар аурудың дамуында маңызды рөл атқаратын факторлардың таралуымен байланыстырады.
Осы факторлардың қатарында бірінші кезекте-темекі шегу, зиянды өнеркәсіптердің дамуы және экологиялық жағдайдың нашарлауы кіреді.
Бұл деректердің барлығы өкпе обырын емдеудің жаңа тәсілдерін әзірлеу және клиникалық тәжірибеге енгізу қажеттілігін тудырады. Бірақ, ең алдымен, басым міндеттердің бірі – аурудың ерте анықталу көрсеткіштерін арттыру болып табылады. Скринингтік әдіс ретінде флюорография қолданылады, ол әдетте профилактикалық медициналық тексерулер кезінде жасалады.
Өкпенің қатерлі ісігі тек медициналық ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік проблема екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан Халықаралық күніне көптеген ағартушылық медициналық іс-шараларды, баспасөз конференцияларын, форумдарды және т.б. іс-шаралары орайластырылған, осы кездесулерде жетекші онкологтар онкологиялық ауруларды емдеу және алдын алу мәселелеріндегі жаңа әзірлемелермен бөліседі.