Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының ядролық медицина және онкология орталығы
Бүйрек қатерлі ісігі – ең көп таралған аурулардың қатарына жатпаса да, қатерлі ісіктердің басқа локализациясымен салыстырғанда оның қаупі аз емес. Дерттің бір ерекшелігі – обыр бүйрекке әсер етіп қана қоймайды, қатерлі ісік жасушаларын бүйрек венасы және төменгі қуыс вена арқылы таратып, веноздық жүйенің бітелуіне – бүйрек венасының тромбозына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайларда қазіргі заманғы медицинада тек бір ғана емдеу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл радикалды хирургия, яғни нефрэктомия, атап айтқанда бүкіл зақымданған бүйректі алып тастау және кавальды тромбэктомия – вена қуысын жауып тастайтын тромбты (қан түйіршігін) алып тастау.
Ота кезінде хирургтар жұмсақ тіндерді, көптеген тамырлар мен веналарды айналып өтіп, төменгі қуыс венасының қабырғаларын ашып, қан түйіршігін алып тастайды, содан кейін тамырдың қабырғалары тігіледі. Осыдан кейін нефрэктомия жасалады – бүйрек жартылай немесе толық алынып тасталады. Отаның соңғы бөлігінде хирургтар жұмсақ тіндердің барлығын тігіп, жараға дренаж кояды.
Онкологиялық немесе урологиялық стационар жағдайында мұндай оталар ұзақ уақыт бойы жоспарлы түрде жүргізілгеніне қарамастан, бұл хирургиялық блоктардың жақсы жабдықталуын және хирургтар, анестезиологтар, реаниматологтар мен көмекші персоналдың жоғары біліктілік деңгейін талап ететін күрделі хирургиялық әрекет болып табылады. Бұның себебі ота кезінде де, одан кейін де әртүрлі асқынулардың пайда болу қаупімен байланысты. Ең ауыр асқынулардың тізіміне жаппай операция ішілік қан кету, өкпе эмболиясы яғни өкпе артериясының қан ұйындысынан бітелуі, жедел жүрек-қан тамырлары жетіспеушілігі жатады.
Веноздық инвазия болжамды нашарлатса да, түбегейлі жасалған ота өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Емдеуді жеке дара жоспарлау, сондай-ақ онкоуролог пен жүрек-қан тамырлары хирургын бригадаға тарта отырып, стандартты емес хирургиялық тактиканы іске асыру – өлімге әкелуі мүмкін асқынуларды болдырмай, толық емдеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бұндай хирургиялық емдеуді біздің орталықта ангиохирургия мамандары мен анестезиолог-реаниматологтардың қолдауымен онкоурологтар іске асырады. Айта кету керек, мамыр айының басында 69 жастағы науқасқа дәл осындай радикалды нефрэктомия және кавальды тромбэктомия жасалды. Аталған отаны облысымыздың беделді ангиохиругы М.Н.Иманбаев, орталығымыздың онкоурологтары Кабыкенов А.А., Абешов А.М., Шүршітбеков Е.А пен анестезиолог Д.А.Есболатовтың қатысумен іске асырылды.
Айта кету керек, бірнеше клиникалық және хирургиялық бөлімше мамандарының қатысуымен мұндай бірлескен оталар науқасты отадан бастап одан кейінгі стационарда емделу процедуралардың барлық маңызды кезеңдерін бақылауға мүмкіндік береді.