Бүйрек кистасы-бұл туа біткен немесе жүре пайда болған дерт, онда ағзада сұйықтығы бар тығыз түзіліс пайда болады. Әдетте, киста бүйректің бет жағында, төменгі полюске жақын орналасқан, домалақ немесе сопақ пішіндес болады. Бүйрек кистасы Bosniak классификациясы бойынша сипатталады.
Әдетте, бүйрек кистасының мөлшері 3-4 см-ге дейін болған кезде дерт симптомы білінбейді, бұл кистаның баяу өсуіне байланысты. Патология медициналық тексерілу кезінде «кездейсоқ табылу» болып шығады. Көп жағдайда киста өзін көрсетпейді, ал адам тіпті дерттің бар екенін де білмеуі мүмкін. Мұндай жағдайларда киста ультрадыбыстық зерттеу кезінде кездейсоқ анықталуы мүмкін. Үлкен мөлшердегі кистада науқастар бел аймағындағы тұйық ауырсынуға шағымданады. Негізгі анықтау әдіс-көктамырішілік контрастты МРТ мен МСКТ болып табылады.
Жақында дәл осындай «кездейсоқ табылуы» беліндегі ауырсынуға байланысты ультрадыбыстық зерттеуден өткен біздің пациенттеріміздің бірінде анықталған еді. Сонымен қатар контрастпен МРТ-да оң жақ бүйректің кистасының белгілері табылды (Bosniak III). III категория -бүйректің күрделі кисталары болып табылады. Олардың қалың қабырғалары мен бөліктері 1 миллиметрден асады. Түзілістерде контрастты жинақтайтын біркелкі емес қалыңдықтағы қабырғалар немесе бөліктер болады. Бұл санаттағы киста хирургиялық емді қажет етеді.
Қатерлі ісікке айналып кету қаупі жоғары және басқа асқынудың дамып и кету ықтималдығына байланысты ірі, жылдам ұлғаятын және қауіпті кисталар алып тастауға жатады. Сондай-ақ, нефрологтардың айтуынша, семіздік, қант диабеті сияқты қосымша факторлар кистаның өсуіне әкелуі мүмкін. Жоғарыда аталған біздің науқаста кистаның өсуіне, нефропатияның дамуына және созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне әкелетін эндокриндік патология да болды.
Бүйрек кистасын алып тастау үшін, мөлшеріне қарамастан, лапароскопиялық әдіс қолданылады, ол ашық түрде жүргізілетін оталармен салыстырғанда бірқатар артықшылықтары бар аз инвазивті әдістерге жатады. Барлық манипуляциялар бірнеше кішкентай 10 мм-ден аспайтын тіліктер арқылы жүзеге асырылады. Ота оптикамен жабдықталған эндоскопиялық жабдықтың көмегімен жүзеге асырылады. Лапароскопияның артықшылықтарының бірі:
-қауіпсіздік-операция аймағын визуализациялау мүмкіндігі барлық әрекеттерді мүмкіндігінше операция ішіндегі асқынулар қаупінсіз дәл жүргізуге мүмкіндік береді;
-бүйрек кистасын кез келген мөлшерде және локализацияда алып тастау мүмкіндігі;
-операциядан кейін ауырсыну синдромының болмауы, өйткені тіндердің кең зақымдануы жоқ;
-ауруханаға жатқызудың қысқа мерзімі;
-жылдам қалпына келтіру-2-4 аптадан кейін науқас әдеттегі өмір салтына оралады.
Классикалық ашық тәсілмен жасалатын оталар өте сирек, әдетте күрделі клиникалық жағдайларда жасалады.
Әрбір науқас үшін кистаның орналасуын, оның мөлшері мен бүйрек паренхимасының қатысын, сондай-ақ кисталардың санын, көп камералылықты, аралық қабырғалардың болуын және т.б. ескере отырып, әдіс жеке дара таңдалады. Мүмкін болса, ағзаны сақтап қалу отасына артықшылық беріледі.
Бүгінгі күні бүйректің кистасының лапароскопиялық резекциясы емдеу стандарты болып табылады, өйткені кистаның қабырғалары кесіліп, гистологиялық зерттеуге жіберіледі. Нәтижесінде пациентке оң бүйрек кистасын лапароскопиялық кесу отасы жасалды. Аталған отаны орталығымыздың онкоурологтары Е.А. Шүршітбеков пен А.А.Қабыкенов бастаған бригада жасап шықты. Пациентканың отадан кейінгі кезеңі тұрақты өтуде, жетінші тәулікте стационардан амбулаторлық емге шығару ұйғарылып отыр. Қорытындылай келе, жоспарлы және скринингтік тексерулердің маңыздылығын тағы бір мәрте атап өткен жөн, өйткені ерте анықталған дерт – науқастың денсаулығына аз зиян келтіріп, емдеуі әрдайым жеңілірек жүрмек.